×

Таразда 10-нан астам полиция көлігі аударылып, өртенген

Kaspi bank бөлімшесі айтарлықтай зардап шеккен

 Халық үні 05.01.2022 | 11:21
Тараз қаласы, фото: gov.kz

Кеше Таразда жүздеген жас қаладағы басты көшелермен жүріп өтіп, тәртіпсіздік пен заңсыздыққа, бұзақылық әрекеттерге жол берген. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Облыс басшысының айтуынша, тәртіпсіздік салдарынан 10-нан астам полиция көлігі аударылып, өртеніп, облыс әкімінің аппаратының ғимараты, орталық аумақтағы (Атшабар) «Каспий банк» бөлімшесі айтарлықтай зардап шеккен.

Мемлекет мүлігіне зиян келтіру, қоғамдық тәртіпті бұзу - заңмен қудаланады. Біздің ойымызша, бұзақылық сипаттағы жүздеген жастар - қандай да бір топтың айтағына ергендер. Баршаңызды араңдатушылыққа бой алдырмауға, іріткі салудан аулақ болуға шақырамын! Қандай да бір заңсыз әрекеттердің барлығы үшін жауап беретіндіктеріңізді қатаң ескертемін! – деді облыс басшысы.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі Алматы, Шымкент және Тараз қалаларындағы тәртіпсіздік кезінде әкімдіктерге шабуыл жасалып, әйнектері мен есіктерін сындырып, басқа да материалдық залал келтірілгенін хабарлады.

2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының ауылдарында сұйытылған газ бағасының өсуіне қарсы наразылық басталды. Батыста автокөлікке сұйытылған газ қолданады. Былтыр автогаздың бір литрі 50-60 теңге болса, биыл жанармай бекеттеріндегі баға күрт өсіп, 120 теңгеге жеткен.

Маңғыстауда басталған наразылық акциясы Қазақстанның басқа өңірлерінде де жалғасып тапты.

Осы жағдайдан кейін Үкімет елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатымен Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасының әр литрін 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама