×

Жаңаөзенде газ өңдеу зауытының директоры ұсталды – БАҚ

Қазір бағаны негізсіз көтеру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

 Халық үні 05.01.2022 | 10:22
ҚазГӨЗ ЖШС, фото: vlast.kz

Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының бас директоры мен сұйытылған газ сататын электрон сауда алаңының басшысы ұсталды, деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, Қаржы мониторингі агенттігі бағаны негізсіз көтеру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, «Қазақ газ өңдеу зауыты» бүкіл Маңғыстау облысы және елдің басым бөлігін сұйытылған газбен қамтамасыз етеді.

2021 жылдың маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үш жылда елімізде газ тұтыну екі есеге артқанын, ал аталған газ өңдеу зауытындағы негізгі жабдықтардың 90 тозғанын атап өткен болатын.

Тек Маңғыстау облысында автокөліктердің 90 пайыздан астамында сұйытылған газ пайдаланылады. Өңірдің негізгі газ жеткізушісі Қазақ газ өңдеу зауыты болып табылады. Оның негізгі құрал-жабдықтарының 90 пайызы тозған. Зауыттың апаттық жағдайларға байланысты тоқтап қалуы халықты газсыз қалдыруы мүмкін. Осы ретте Қазақ газ өңдеу зауытының базасында салынатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіру экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік жағынан да қауіп туғызады. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жаңа зауыт 2023 жылдан кешікпей пайдалануға берілуі тиіс, – деген еді Президент.

«Қазақ газ өңдеу зауыты» - 1973 жылы Жаңаөзен қаласында ашылды. Зауыт газды төменгі температуралық конденсациялық әдіспен өңдеп, сұйық көміртекті шикізаттар шығарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама