×

Астана халықаралық әуежайының басшылығы мәлімдеме жасады

Авиарейстер кешкі 10-нан таңғы 6-ға дейін орындалмайды

 Динара Амантай 06.05.2024 | 09:41
Фото: inbusiness.kz

Әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларда пайда болған әуежайда күрделі жөндеудің болмайтындығы туралы ақпараттың БАҚ-та таралуына байланысты, елорда әуежайының баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі..

1 мамырдан бастап Астана қаласының әуежайында бас мердігерімен (Mabetex Group) бірлесіп, ұшу-қону жолағында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша іс-шаралар басталды. Асфальтбетон жұмыстарын жүргізу үшін бас мердігер Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Орал және Петропавл қалаларының әуежайларында әуеайлақ жабындарын қайта жаңартуда тәжірибесі бар «К-Дорстрой» АҚ компаниясын жұмысқа тартты, – делінген хабарламада.

Бүгінде объектіде инженерлік-геодезиялық ізденістер жалғасып жатыр. Сонымен бірге арнайы техника тартылып, инертті материалдар жеткізілуде.

Осыған байланысты Астана халықаралық әуежайындағы авиарейстер кешкі 10-нан таңғы 6-ға дейін орындалмайды. «Қазаэронавигация» РМК арқылы күрделі жөндеуге байланысты әуеайлақта енгізілетін шектеулер туралы NOTAM электронды хабарламалары жіберілді. Бұл ретте жалпы шешімге қол жеткізуде қолдау көрсеткені үшін авиакомпанияларға алғысымызды білдіреміз, – деді компания өкілдері.

Айта кетсек, әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген және ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізу сенімгерлік басқару кезеңінде инвестордың бірінші кезектегі міндеті болған.

Рейстер кестесінің өзгеруіне байланысты осы уақытта жолаушылар ағыны 2 есе ұлғаяды. Сондай-ақ елорда әуежайы жолаушыларының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін ұшу алдындағы тексеру аймақтарын ұлғайтты. Бұл ретте ұшу алдындағы тексеруде шамадан тыс жолаушылар ағыны және вокзал маңындағы тұрақта көлік саны ұлғаюы мүмкін. Осыған байланысты әуежай әкімшілігі жолаушылардан рейстерді сәтті орындау мақсатында әуежайға 3-4 сағат ерте келуін сұрайды.

Сондай-ақ әуежай әкімшілігі ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін бірінші қатарда тегін арнайы тұрақ орындары және PRM агенттерінің қызметтері бар екенін хабарлайды. Бұған қоса, жабық тұраққа қарама-қарсы орналасқан 300 көлікке арналған әуежайдың тегін тұрағы бар екенін еске салады.

Әуежай басшылығы әуежай аумағында және терминалдарда жолаушыларды тәулік бойы ақпараттық қолдау үшін персоналды тағайындады. Қазір әуежай жолаушыларды қабылдау қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін анықтау мақсатында алдағы 30 жылға арналған Бас жоспарды қайта қарап жатыр. Бұл өзгерістер Астана әуежайында биометриялық деректер мен технологияларды кеңінен қолдануды, жүк тасымалдаудың жаңа стратегиясын әзірлеуді және әуежайды арнайы экономикалық аймақ құра отырып, өз санатындағы әлемдегі ең үздік 10 әуежайдың қатарына қосуға бағытталған зерттеулерді қамтиды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама