×

Көркем гимнастикадан АЧ: Қазақстан командалық есепте екінші орын алды

Бүгін де аруларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Барлығы ойдағыдай болды, - бас жаттықтырушы Әлия Юсупова

 Дастан Жұмабекұлы 04.05.2024 | 16:57
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионаты аяқталды.

Сары құрлық додасының соңғы күні жекелей және топтық жаттығулар бойынша финал болып, Қазақстан құрамасы 321.60 ұпаймен екінші орынды иеленді. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды  329.45 ұпаймен Өзбекстан гимнасшылары алса, үшінші орынды 316.85 ұпай жинаған Жапония спортшылары қанағат тұтты.

Жекелей сында Елжаңа Таниева шығыршық (33.90) бірінші, таспа (31.05) төртінші, ұршық (30.80) бесінші, доп (32.60) жаттығуларында үшінші орынды иеленді. Айбота Ертайқызы шығыршықпен (33.25) үшінші, таспамен (32.90) бірінші, ұршықпен (30.15) алтыншы, доппен жаттығуда (32.65) екінші орынға табан тіреді. Ал топтық бәсекеде еліміздің құрама командасы (Аяулым Кәдір, Аружан Қалсаева, Ақсұңқар Әбдірахман, Баян Қойбақар, Мария Корниенко, София Ан) бес шығыршық (32.10) пен екі доп, үш таспа жаттығуларында (29.65) қола медальге ие болды.

Бүгін де аруларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Барлығы ойдағыдай болды. Ең басты мақсатымызға жеттік. Бұл додада кеше Елжаңа Таниева көпсайыста топ жарып, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Қуаныштымыз! Қолда бар жағдайдың бәрін жасағаны үшін басшылыққа алғыс айтамын! Енді үлкен дайындықты бастаймыз. Білікті мамандармен және психологтармен бірігіп жұмыс істейміз, – деді көркем гимнастикадан бас жаттықтырушы  Әлия Юсупова.

Азия чемпионатына 17 елден 90-нан астам спортшы қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама