×

Арыс пен Байзақтағы жарылыстан кейінгі оқ-дәрілер Аягөз қаласына жеткізілуі мүмкін

Тараз түбіндегі жарылыстан бірнеше адам қаза тапты

 Ербол Тұрымбет 29.12.2021 | 13:53
коллаж: Halyq Uni

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында сақталған оқ-дәрілердің бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласына жеткізілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа қоймалар салынып, оған оқ-дәрілер жеткізіледі. Бұл мәселемен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады. Бүгінде толық бағдарлама қабылданып, соған сәйкес құрылыс жүріп жатыр екен.

Дарын Тұяқов Байзақ ауданындағы әскери бөлім оқ-дәрілері, оның ішінде Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстардан кейінгі оқ-дәрілер қайда жеткізілуі мүмкін екенін де айтты.

...Әртүрлі қоймаларға жеткізіледі. Мысалы, Аягөз немесе басқа. Бірнеше қойма бар. Нақты қанша, қайда екеніне жауап бермеймін, - деді Тұяқов журналистердің сұрағына жауабында.

2019 жылдың 24 маусымында таңғы сағат 9 шамасында Арыстағы әскери қоймада жарылыс болып, кеңес кезінен бері сақталып келе жатқан алып қоймадағы снарядтар атылып, қаланың (Арыс қаласы – авт.) астаң-кестеңін шығарды. 3 адам оқиға орнында қаза тауып, жараланған 74 адам ауруханаға жеткізілді. Қаладағы 7600-ден астам ғимараттың 85% қирап, жарамсыз боп қалды.

Еске салайық, биыл 26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Нәтижесінде жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.

Жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама