×

Қазақстандық спортшы жамбы атудан түркі стилі бойынша Азия чемпионы атанды

Жарысқа сары құрлықтың 14 елінен 60-қа жуық спортшы қатысты

 Динара Амантай 19.04.2024 | 16:57
Фото: Жамбы ату федерациясының баспасөз қызметі

Шымкентте жамбы атудан тұңғыш рет өткен ересектер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жарысқа сары құрлықтың 14 елінен 60-қа жуық спортшы қатысты.

Бес күнге созылған жарыстың алғашқы күні жамбышылар «Мажар» стилі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде 3-орынды Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Ералхан Айкөз иеленіп, 200 мың теңге алды. Күміс жүлде мен 300 мың теңгені тағы бір отандасымыз Батыр Бексауыт қанжығасына байлады. Бас жүлде және 500 мың теңге сертификат Сауд Арабиясының спортшысы Хишам Али Аль-Тамимиға бұйырды.

Жарыстың екінші күні спортшылар «Азия» стилі бойынша сайысқа түсті. Бұл сайыста 3-орынды Ералхан Айкөз (200 мың теңге), 2-орынды Нұрсұлтан Бірлікбаев (300 мың теңге), ал 1-орынды тағы да Сауд Арабиясының споршысы Хишам Али Аль-Тамими (500 мың теңге және алтын медаль) алды.

«Түркі» стилі бойынша спортшылар жарыстың үшінші күнінде сайысты. Бұл жолы 50.40 ұпаймен Батыр Бексауыт жеңімпаз атанды. Ол алтын медаль мен бас жүлде 500 мың теңгені иеленді. Күміс жүлдені Сауд Арабиясынан келген Ракан аль Мүбарак алды. Қола медаль мен 200 мың теңге ақшалай сыйлықты индонезиялық Арса Уенинг Арросияд иеленді.

Жарыстың соңғы күні спортшылар «Жамбы» стилі бойынша бақ сынады. Қазақ стилі бойынша 3-орын Ресей Федерациясынан келген Любовь Морокаға бұйырды. 2-орынды Моңғолия құрамасының мүшесі Отгон-Узил Баттулга иеленіп, ол күміспен қоса 300 мың теңге алып кетті. Ал бас жүлде тағы да саударабиялықтарға кетті. Бұл жолы Бадер Али Аль-Тамими қарсылас шақ келтірмей, 67.22 ұпаймен алтын медаль мен 500 мың теңгені иеленді.

2 мың АҚШ долларына бағаланған жамбы ату спортының сәні саналатын «Тайтұяқ» жүлдесі ешкімге бұйырмады. Спортшылар қанша тырысса да «тайтұяқ» ілінген қылды үзіп түсіре алмады.

Сондай-ақ жарыстың жабылу салтанатында Азия елдерінің федерация өкілдеріне мүшелікке енгені туралы сертификат тапсырылды. Мүшелікке Ресей Федерациясы, Индонезия, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан жамбы ату федерациялары енді.

Іс-шара Туризм және спорт министрлігі, Шымкент қалалық әкімдігі, Ұлттық спорт қауымдастығы, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен өтті.

Еске сала кетсек, Республикалық жамбы ату федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Аударыспақ», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама