×

12 автожолда көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды

8 жол учаскесінде жолдарды су басты

 Динара Амантай 18.04.2024 | 15:37
Фото: zhaikpress.kz

Халықаралық және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан Ақмола, Қостанай, СҚО облыстарындағы 8 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 6 725 метрді қамтитын су тасқыны болды. Бұл туралы брифинг барысында «Қазавтожол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, СҚО өңірлеріндегі ұзындығы 720 шақырым болатын республикалық маңызы бар 12 автокөлік жолында көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылған.

Ақмола облысында «Жезқазған-Петропавл» тасжолының 377-440 шақырымы, «Жезқазған-Петропавл» тасжолының 440-536 шақырымы учаскелерін айналып өту үшін жергілікті полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен қара жол арқылы альтернативті маршрут ұсынылып, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» тасжолының 3-92 шақырымы жабық учаскесін айналып өту үшін «Қандыағаш-Темір-Кеңқияқ-Жағабұлақ-Жем» аудандық тасжолының 235-шақырымы арқылы альтернативті маршрут ұсынылды, – деді спикер.

Атырау облысында «Мұқыр-Құлсары» тасжолының 0-136 шақырымы жабық учаскесін айналып өту үшін «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» тасжолының 377-512 шақырымы және «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайтөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» тасжолының 3-120 шақырымы арқылы альтернативті маршруттар ұсынылды. Қостанай облысында «Мариновка ауылына кіреберіс» тасжолының 0-9 шақырымы, «Жезқазған-Петропавл» тасжолының 339-377 шақырымы, «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 555-729 шақырымы, осы жабық учаскелерді айналып өту үшін «Денисовка-Жітіқара» тасжолының 137-шақырымы арқылы альтернативті маршрут ұсынылды.

Солтүстік Қазақстан облысында «Жезқазған-Петропавл» тасжолының 869-875 шақырымы, «Челябинск-Новосибирск» тасжолының 525-530 шақырымы, «Петропавл қаласын айналып өту жолы» тасжолының 3-8 шақырымы, «Жезқазған-Петропавл» тасжолының 952-954 шақырымы, «Петропавл қаласын айналып өту жолы» тасжолының 11-14 шақырымы, «Петропавл-Соколовка-РФ шекарасы» тасжолының 17-72 шақырымы, «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 729-768 шақырымы учаскелері жабық, – деді Сәкен Ділдахмет.

Оларды айналып өту үшін басқа жолдар ұсынылды. Атап айтқанда, Тимирязево, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов аудандарының тұрғындарына облыс орталығына дейін жету үшін «Волошинка-Сергеевка-Тмимрязево» республикалық маңызы бар тасжол арқылы жүріп, ары қарай Р-61 «Волошинка-Корнеевка-Рощинское» тасжолына түсіп, ол жақтан КТ-29 «Покровка-Корнеевка-Горное» тасжолымен А-16 «Жезқазған-Петропавл» жолы арқылы қалаға жетуге болады. «Жезқазған-Петропавл» тасжолының 954-952 шақырымы учаскесінде үлкен жүк көліктер үшін полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен қозғалыс қамтамасыз етіліп жатыр. Мамлютка, Жамбыл аудандары үшін Р-57 «Новокаменка-Петерфельд» республикалық маңызы бар тасжолы арқылы қалаға жетуге болады.

Қазір республикалық жолдарда 794 техника мен 1 945 адам су тасқынының алдын алу бойынша жұмыс істеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама