×

Шетелдіктен 90 мың доллар тәркіленді

Елімізде 10 мың доллардан асатын қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынған

 Дәурен Ерболат 16.04.2024 | 15:33
Фото: МКК

Атырау облысында Грузия азаматынан 90 мың доллар (40 млн 507 мың 38 теңге) тәркіленді, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Биыл ақпанда «Атырау-Кутаиси» халықаралық әуе рейсі арқылы ұшпақ болған Грузия азаматынан 100 мың доллар (45 млн 7 мың 820 теңге, 1 доллар – 450,08 теңге) анықталды. Оның қолында 10 мың доллар болған, ал жол жүгінде 90 мың доллар жасырылған.

Қомақты қаржыны Атырау облысы «Әуежай-Атырау» кеден бекетінің қызметкерлері анықтады. Бақылау облыстық шекара қызметі және экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген.

Заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Күшіне енген сот шешіміне сәйкес, 90 мың доллар мемлекет пайдасына тәркіленді. Қалған 10 мың доллар Грузия азаматына қайтарылды. Сондай-ақ шетелдіктен 40 АЕК (147 мың 680 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл өндірілді, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 «Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, 10 мың доллардан (4 млн 500 мың 782 теңге) асатын қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама