×

Су тасқыны: президент бюджет қаржысы үнемделетінін мәлімдеді

Халықаралық іс-шараларды өткізуге бөлінген қаржы қысқарады

 Дәурен Ерболат 16.04.2024 | 15:01
Фото: Telegram/Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су тасқынынан соң бюджет қаржысы үнемделетінін мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.

Бұған дейін мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен солтүстікққазақстандықтармен кездескен еді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескеріп, бюджет қаржысын үнемдеу үшін Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.

Мен бюджет қаржысын үнемдеу үшін ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады, – деді президент.

Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік органды су тасқыны салдарынан сабақ алуға шақырды.

Бізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейді. Қажет мамандар да тапшы. Қазір гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін елімізде 6 мыңға жуық үйді су басқаны хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама