×

Ақтөбеде жатақханаға «бомба қойған» күдікті ұсталды

Полиция 34 жастағы тұрғынды жедел анықтаған

 Дәурен Ерболат 12.04.2024 | 16:33
Фото: ҰҚК

Ақтөбеде полиция жатақханаға «бомба қойған» мас күдіктіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

11 сәуірдің түнінде 102 телефонына ер адам қоңырау шалып, қаладағы көпқабатты отбасылық жатақханаға жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Оқиға орнына жеткен полицейлер мен саперлер ғимаратты тексеріп, бомбаны таппаған.

Полиция жалған ақпарат таратқан 34 жастағы тұрғынды жедел анықтап, бөлімге жеткізді. Тергеу барысында оның мас болғаны және сол жатақханада тұратыны анықталды.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ақтөбе облысы ПД терроризм актісі бойынша жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді: 5 мың АЕК (18 млн 460 мың теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жалпык, жыл басынан бері облыста терроризм актісі туралы жалған мәлімет берудің 7 дерегі тіркелген. Оның арасында 2 бала болған.

Еске сала кетсек, кеше Павлодардағы сауда орталығына да «бомба қойылғаны» туралы ақпарат хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама