×

Су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезілді – Тоқаев

40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді

 Динара Амантай 12.04.2024 | 13:13
Фото: t.me/aqorda_resmi

Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы кеңеске қатысушыларды Ғылым күнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Содан кейін елдегі болып жатқан су тасыны мәселесіне тоқталды.

Алдымен мен еліміздегі қазіргі ахуалға тоқталып өткім келеді. Жағдайды көріп-біліп отырсыздар, аймақтарда 80 жылда болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр. Көптеген елді мекенді қарғын су басты. Жалпы ахуал өте күрделі. Қазір Үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр. Тиісті тапсырмаларды бердім, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Табиғаттың тосын мінезінен басқа да елдер зардап шегуде. Әлемнің әр түкпірінде жер сілкінісі, өрт, су тасқыны болып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық климат өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті, – деді президент.

1980-1985 жылдары әлемде 1 700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3 700-ден асқан. Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны 2 есе көбейді. Жартысына жуығы – суға қатысты апаттар. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – бұл міндетті іске асырудың бірден-бір жолы.

Президент білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы қазір ерекше сезіліп отырғанын да еске салды.

Әсіресе, елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, оны бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанмен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек. Ал су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек.

Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама