×

Астанада Олимпиада жолдамасына таласатын боксшылар анықталды

Енді олар Таиландта өтетін лицензиялық турнирге қатысады

 Дастан Жұмабекұлы 10.04.2024 | 17:07
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan/

Астанада спаррингтік турнирдің финалдық жекпе-жектері өтті.

Бүгін ерлер арасында 63,5 келі салмақтағы жеңімпаз анықталды. Бұл салмақтағы финалда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Дулат Бекбауов шаршы алаңға шықты. Жекпе-жекте Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жеңіске жетті. Ол осы салмаққа жақында ауысқан Бекбауовтан финалда айласын асырды. Бұған дейін Мұхаммедсабыр турнирде Ертуған Зейнуллинов пен Жандос Қарабалиевті жеңген болатын. Осылайша, боксшы Таиландтағы соңғы лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасына таласатын мүмкіндік алды. Еске сала кетсек, Мұхаммедсабыр осы салмақта былтыр Қазақстан Спартакиадасын да жеңген болатын.

Қыздар арасындағы жекпе-жектер де тартысты өтті. Әзірше Ұлжан Сәрсенбек пен Наталья Богданова Таиландта өтетін лицензиялық турнирге баратын болып шешілді.

Ұлжан Сәрсенбек 54 келі салмақта Сымбат Әлиасқармен кездесті. Бұл айқаста Сәрсенбек қарсыласынан мықты болды. Ол жекпе-жекте төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. 

66 келі салмақта Наталья Богданова мен Жасмин Қизатова қолғап түйістірді. Төрешілер шешімімен Богданова жеңімпаз деп танылды. Ол биылғы маусымда үшінші рет Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысады. Айта кетсек, Наталья Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары мен Италиядағы әлемдік лицензиялық турнирде бақ сынаған еді.

75 келі салмақта да Олимпиада жолдамасына таласатын боксшы анықталды. Бұл салмақтағы финалдық сында Валентина Хальзова мен Гүлсая Ержан жұдырықтасты. Жекпе-жекте тәжірибелі Хальзова қарсыласына еш амал қалдырған жоқ. 

Сөйтіп, спаррингтің қорытындысы бойынша ерлер құрамасында 63,5 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, қыздар командасында Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Наталья Богданова (66 келі) мен Валентина Хальзова (75 келі) Таиландта 26 мамыр мен 3 маусым аралығында өтетін лицензиялық турнирге қатысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама