×

Жемқорлық туралы хабарлағандарға былтыр 22,4 млн теңге сыйақы төленген

Антикорға түсетін хабарламалардың бестен бірі ғана агенттік құзырына кіреді

 Ербол Тұрымбет 04.04.2024 | 11:42
фото: Halyq Uni

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығына 2023 жылы 27 752 қоңырау түскен. Оның 6 708-і ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыретіне жатады. Агенттік осылай ресми жауап берді.

Ал 2024 жылдың алғашқы екі айында 5 274 хабарлама түссе, соның 1 039-ы ғана Антикордың құзырына жататын болып шыққан. Барлық өтініш бойынша түсіндірмелер беріліп, мәселенің мәніне байланысты тиісті шаралар қабылданған.

Азаматтардың өтініштерінің сипаты көбіне құқық қорғау органдарының іс-әрекеттерін қадағалауға, сонымен қатар, ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау салалары қызметкерлеріне, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты, – делінген ресми жауапта.

Агенттіктің хабарлауынша, 1424 Call-орталығына түсетін халықтың барлық мәселесін қызметкерлер жұмыс күнінің соңында өңдейді.

Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін (көрсеткен) адамдарды көтермелеу жағы агенттік төрағасының 2023 жылғы 29 тамыздағы №270 бұйрығымен бекітілген қағидаларда көзделген. Мәселен, 2023 жылы 73 адамға 22 416,3 мың теңге сыйақы төленсе, биыл әуелгі 2 айда 18 адам 2 786,3 мың теңгемен марапатталған.

Сонымен қатар, ел азаматтары жемқорлық құқықбұзушылық туралы хабарламаларын Е-Оtinish бірыңғай өңдеу платформасы, antikorkz_bot Telegram-арнасы арқылы немесе аумақтық департаменттерге жазбаша хабарлай алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама