×

Елімізде спортты дамытуға арналған қаражат легионерлердің айлығына жұмсалып жатыр – Антикор

Соңғы 3 жылдың өзінде футболдан кәсіподақ клубтары 30 млрд теңгеден астам үстемақы төлеген

 Дастан Жұмабекұлы 04.04.2024 | 10:41
Фото: kazfootball.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы Асқар Жұмағалидің басшылығымен спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде ведомствоаралық мәжіліс өтті, деп хабарлады ведомство.

Оған агенттік басшысынан басқа, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қаржы және Цифрландыру вице-министрлері, «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы, қоғам қайраткерлері, орталық және өңірлік мемлекеттік органдар қатысты.

Мәжілісте спортты дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражат мәселесі талқыланды. Онда қаражаттың ұтымсыз және тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылып, биыл жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмыстың тіркелгені атап көрсетілді.

Агенттік төрағасының айтуынша, тек соңғы 6 жылда осы саладағы бюджет 2 есе өсіп, 1,4 трлн теңге болды. Алайда Қазақстанның әлемдік спорттағы рейтингі түсіп келеді.

Осы сала бюджетінің 90%-ы жұмсалатын «жоғары жетістіктер» және бұқаралық спортты қаржыландыру арасында теңгерімсіздік байқалады. Ал дамыған елдерде пропорциялар мүлде өзгеше және бұқаралық спортқа қаражат бөлу басым.

Қаржыландырудағы диспропорция жемқорлық схемаларына негіз болды. Егер бұқаралық спортта қазір цифрландырылған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса, онда жоғары жетістіктер спортында ашық емес және субъективті төлемдер, аз бақылау, аффилирленген қатысушылар, жалған оқу-жаттығулар және қосарланған қаржыландыруға жағдай жасалған, – деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, спортта цифрландырудың болмауы құқықбұзушылықтар мен қаражаттардың жымқырылуына қолайлы жағдай туғызып отыр.

Екі жыл бұрын жоспарланған Е-sport ақпараттық жүйесі осы уақытқа дейін іске қосылған жоқ. «Спорт шебері» жалған атағын беру фактілері анықталды.

Мәжілісте спортшыларды натурализациялау, кәсіпқой клубтардың бюджеттерін қалыптастыру мен легионерлерге төленетін қаражат мәселелері талқыланды.

Ел президентінің бюджет пен жалақы мөлшерін шектеу жөніндегі тапсырмасына қарамастан, футболдан кәсіподақ клубтары соңғы 3 жылда 30 млрд теңгеден астам үстемеақы төледі. Сонымен қатар, өзінің спорттық инфрақұрылымын дамытудың орнына, бюджет қаражаты легионерлерге төлем жасауға және спорт нысандарын жалға алуға жұмсалған.

Талдау қорытындысы бойынша агенттік салалық министрліктің атына жемқорлықпен күрес мәселесіне өз ұсыныстарын жіберді.

Жиында ведомстволық бақылауды күшейту және дискрециялық өкілеттіктерді қысқарту, қаражатты бөлу процестерін нақты нормативтік және құқықтық регламенттеуді белгілеу және бұзушылықтар үшін жауапкершілікті дербестендіру, сондай-ақ бірыңғай цифрлық платформа құру туралы да мәселе қаралды.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мемлекеттік органның қазір ұйымдық-құқықтық шаралар кешенін қабылдағанынан хабардар етіп, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша барлық ұсынымдардың міндетті түрде орындалатындығын айтты.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин де сыбайлас жемқорлыққа қатысты пікірін білдірді.

Менің ұстанымым біржақты. Жемқорлықпен күресте қатаң шаралар қолдану қажет, – деді ол.

Кеңес қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы уәкілетті органдарды елдегі спортты дамыту жөніндегі тікелей міндеттерді мүлтіксіз орындауға шақырды және жемқорлықтың жасалуына жол бермеу туралы ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама