×

Олжас Бектенов: Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту

ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейту тапсырылды

 Динара Амантай 29.03.2024 | 11:54
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ деректері бойынша әкімдіктермен бірлесіп, 2,3 млн текше метрден астам ағын су шығарылып, 162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық және 31 мың 587 тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 мың 349 адам, 2 мың 192 техника, 689 сорғы құралы және тағы басқасы жұмылдырылды.

Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы солтүстік өңірлерде де су басу қаупі бар екенін атап өтті. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы су тораптарының жағдайы тексерілген болатын.

ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейту тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама