Halyq Uni логотип
×

«Қайрат Боранбаевтың активтерді қайтарғаны туралы ақпарат – жалған»: ҚМА мәлімдеме жасады

Екі нысан бойынша қайта тіркеу рәсімі өтіп жатыр

 Динара Амантай 28.03.2024 | 16:31
«Қайрат Боранбаевтың активтерді қайтарғаны туралы ақпарат – жалған»: ҚМА мәлімдеме жасады
фото: Halyq Uni

Қаржылық мониторинг агенттігі кей жекелеген БАҚ өкілдерінің Қайрат Боранбаевтың мемлекет пайдасына активтерді беруінің жалғандығы туралы таратқан ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Агенттіктің мәліметінше, жарияланған ақпаратқа сай активтерді мемлекеттік органдардың балансына беру процесі аяқталған.

Екі нысан бойынша қайта тіркеу рәсімі өтіп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды, – делінген ҚМА хабарламасында.

Еске сала кетсек, Halyq Uni Қаржы мониторингі агенттігінен Боранбаевтың процестік келісім аясында қанша қаражат қайтарғанын нақтылады. Ресми ақпарат бойынша, Қайрат Боранбаев жалпы алғанда 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарып, білім беру инфрақұрылымына 30 млрд теңге бөледі. Қазірге дейін 30 млрд теңге мен 35,15 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке өтті. Енді Қайрат Боранбаев өзіне тиесілі болған 54,85 млрд теңгенің мүлкін мемлекетке беруге тиіс.

Айта кетейік, 2023 жыл Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың соттағы ісімен басталды. 4 қаңтарда өткен сот отырысында ол өзінің елден қашуға оқталғанын жоққа шығарды. Таңғы 5-те ұсталғанын, алайда түнгі уақытта ұшуы керек болғанын айтып ақталды.

Елден неге қашамын? Осында дүниеге келдім, ер жеттім. Әкем осында жерленген. Анам осында, бизнесім де осы жерде. Қайда қашамын? - деді Боранбаев журналистерге.

Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Ибулла Сердіге қатысты қылмыстық іс жарты жылдан аса уақытқа созылды. Оларға газды жеткізу барысында мемлекеттің 14,5 млрд теңге қаражатын жұмсады деген айып тағылды.

23 қаңтарда істі қараған судья Назгүл Бапақова БАҚ өкілдеріне сот процесінен ақпарат таратуға тыйым салды. Осылайша, соттың біраз бөлігінен көпшілік бейхабар қалды.

Сот процесі басталғанына 3 ай өткенде мемлекеттік айыптаушы Қайрат Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, өзін 8 жылға соттауды сұрады.

Кәсіпкер соттағы соңғы сөзінде Qazaq Gaz-ға келген шығын толық көлемде өтелгенін алға тартып, соған байланысты әділ шешім шығарылатынына сенім білдірген еді.

31 наурызда Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Сот заңды күшіне енбеді.

Сотталғандар заңды құқығын пайдаланып, сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Артынша бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылды. Сот алқасы үкімнің «хаттама болған» деген болжамға сүйеніп шығарылғанын алға тартқан.

Осы сәтте БАҚ беттерінде Боранбаевтың мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтаратыны, 30 млрд теңгені Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына аударатыны айтылды. Боранбаев пен басқа да сотталушылар тағылған айыпты мойындап, тергеумен процестік келісімге келуге ниет білдірді. Мемлекеттік айыптаушы да жазаны 8 жылдан 6 жылға дейін төмендеткен дұрыс деп шешті.

15 қыркүйекте Астанада Боранбаев 6 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.

20 қазанда Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шығатыны белгілі болды. Сот шешімімен ол пробациялық бақылауда болады. Шешім шығару барысында оның жазаның 1/3 бөлігінін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтегенін, мемлекетке келген шығынды толық қайтарғанын ескерген.

6 қарашада кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты жазамен бостандыққа шықты. Ақмола облысының соты 20 қазанда бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбавтың жазасын жеңілдетіп, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама