×

Қазақстандықтар жасанды органикалық өнімдерден қорғалатын болады

Мәжіліс тиісті заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады

 Динара Амантай 27.03.2024 | 14:14
Фото: A42.RU

Мәжіліс «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатымен әзірленді. Ол табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастыру мен дамытуға көмектесуге, сыртқы нарықта отандық өндірушілер өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Түзетулермен жұмыс барысында депутаттар бірқатар өзгеріс енгізді. Мысалы, өндірілген өнімнің сапасы үшін ұжымдық жауапкершілік қағидаттарына негізделген бірлескен кепілдік жүйесін (PGS) қалыптастыру және органикалық өнім өндірушілерді топтық сертификаттауға қатысты ережелер қайта қаралды. Органикалық өнімді сату кезінде бақылау енгізіледі. Ол тұтынушылардың құқығы мен халықтың денсаулығын қорғауға, «органикалық» деп сатылатын органикалық емес өнімдер айналымының жолын кесуге, отандық органикалық өнім өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азаматтарды адастыратын импорттаушылар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға ықпал ететін болады.

Сондай-ақ органикалық өнім өндіруші органикалық өнім өндіруге қойылатын талаптарды орындамаған кезде сәйкестік сертификатын тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу жөніндегі нормалар да қарастырылды. Ілеспе жобада сәйкестік сертификаты құнының 50 пайызын және органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау көзделген.

Қолданыстағы заңнан айырмашылығы, заң жобасында дәстүрлі ауыл шаруашылығынан органикалық ауыл шаруашылығына көшу мүмкіндігі үшін бірнеше тәсіл қарастырылған. Бірінші жағдайда, шағын фермерлер бірлескен кепілдік жүйесіне біріге алады. Бұл ретте олардың өнімдері бірлескен кепілдік жүйесі белгісін пайдаланып таңбаланады. Сондай-ақ органикалық өнім өндірушілерді біріктірудің тағы бір нысаны – сертификаттау шығындарын азайтуға бағытталған өндірістің сәйкестігін растау процедурасынан бірлесіп өту, - деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров. 

Сонымен қатар заң жобасында органикалық өнім айналымы кезінде заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік енгізіледі.

«Қазір органикалық өнімдер сұранысқа ие болғандықтан, заңдарды қабылдау саланың дамуына оң әсер етеді, жергілікті органикалық өнім нарығын дамытуға негіз болады және сыртқы нарықтағы экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама