×

Су тасқынының қаупі күшейіп жатыр

Құтқарушылар апаттың алдын алуға енді кірісті

 Дастан Жұмабекұлы 27.03.2024 | 12:11
Фото: gov.kz/Төтенше жағдайлар министрлігі

Өткен тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен шамамен 60 мың текше метр еріген су сорылып, 3 мыңнан астам қап төселді.

Апаттық-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, Ішкі істер министрлігінің жеке құрамынан шамамен 2 500 адам, 700-ге жуық  техника, 290-нан астам су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылды.

Астана қаласы, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының төтенше жағдайлар департаменті мен  52859, 20982 әскери бөлімдерінің құтқарушылары Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарында су тасқынына қарсы жұмыстарға кірісті.

Су басқан тұрғын үйлерден 94 адам, оның ішінде Ақтөбе облысында 83 адам және Қостанай облысында 11 адам алдын ала қауіпсіз жерге көшірілді. Олар туыстарына және жақын маңдағы қауіпсіз елді мекендерге орналастырылды.

Қазір Қостанай облысында Екідің, Қызыл жұлдыз ауылдарының тұрғындарын эвакуациялау жүргізіліп жатыр.

Құтқаршылар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарындағы 24 жеке тұрғын үйден, сондай-ақ Ақтөбе, Абай, Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы 38 аула аумағынан, 10 жертөле үй-жайы мен уақытша тұруға арналған құрылыстан, бір саяжайдан су сору жұмыстарын жүргізуде.

Бұдан басқа, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай мен Павлодар облыстарында еріген суды сору, қаптарды төсеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Жедел желі» телефондары да жұмысын жалғастыруда. Төтенше жағдайлар министрлігі – 8 717 2 70 41 14, Ақтөбе облысының ТЖД – 8 713 2 54 86 57, Батыс Қазақстан облысының ТЖД – 8 711 2 55 40 88, Қостанай облысының ТЖД – 8 714 2 50 19 60, Ақмола облысының ТЖД – 8 716 2 52 55 14.

Өткен тәулікте 64 қоңырау түсті.

Қазір Астана, Ақтөбе, Абай, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау мен Павлодар облыстарында республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама