×

Жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам адам ақша жіберген

Жалпы жиналған қаржы көлемі – 6 млрд теңге

 Динара Амантай 18.03.2024 | 09:26
Фото: Halyq Uni

Түрлі күмәнді мақсаттарға ақша жинауға (краудфандингке) 138 банктік карта тартылған. Сондай-ақ жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам қазақстандық өз ақшаларын жолдаған. Бұл туралы ҚМА алаңында Дмитрий Малаховтың төрағалығымен өткен Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) алдын алу және терроризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын тарату мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысы барысында белгілі болды.

Жалпы жиналған қаржы көлемі – 6 млрд теңге, оның 33%-ында (2 млрд) алаяқтық белгілері бар. Әлеуметтік желілерде ұжымдық қаражат жинаудың қауіптері және оларды одан әрі мақсатсыз пайдалану анықталды.

ҚМА басшысы Дмитрий Малахов жосықсыз азаматтардың «ем» және «жағдайы төмен адамдарға көмек көрсету» үшін қайырымдылық қызметі мен көмек көрсету түріндегі қаражат жинауды кедергісіз және бақылаусыз іске асыратынын атап өтті.

Зиянкестер ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсайды. Жанашыр азаматтардың жақсы ниеті «жалған мұқтаждар» үшін оңай табысқа айналуы мүмкін.

Отырысқа қатысушылар – АХҚО, қаржы реттеушілері және екінші деңгейлі банктердің өкілдері – краудфандингтік қызметті реттеу бойынша заңнамалық шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Анықтама үшін: краудфандинг – жобаларды, бастамаларды және стартаптарды қаржыландыру үшін қолданылатын ақша жинаудың инновациялық тәсілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама