×

Аралда еріктілер алғаш рет 5 мыңнан аса сексеуіл көшетін отырғызды

Олар үш күннің ішінде 1 мың 30 шақырымды жүріп өтті

 Динара Амантай 06.03.2024 | 11:45
Фото: Қызылорда обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Наурыздың 1-3 аралығында Қызылорда облысында «Syr qorǵany – sekseýil» алғашқы эковолонтерлік жобасы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұл жобаның көздеген миссиясы – өңірдің экожүйесін қалыпқа келтіру және Арал теңізін экологиялық апаттың зардаптарынан қорғау. Бұған қол жеткізу үшін Алматы Менеджмент университеті 80-ге жуық еріктіні жұмылдырды. Олар Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Арал теңізінің құрғаған табанына бет алып, 5 мың 100 сексеуіл көшетін отырғызды.

Еріктілер Алматы, Талғар, Астана, Ташкент қалаларынан жиналды. Араларында тіпті АҚШ-тың екі азаматы болды. Сонымен қатар Қызылорда облысы Шиелі, Жаңақорған елді мекендерінің белсенді азаматтары да еріктілер қатарынан көрінді. 3 күннің ішінде олар 1 мың 30 шақырымды жүріп өтті. Алғашқы күні «Қорқыт-ата» мемориалдық кешеніне соғып, ата-баба рухына тағзым етті. Одан кейін «Аралды құтқару» халықаралық қорының сарапшысы Мария Заднепровская мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сергей Азимовтың қатысуымен форсайт әңгіме өтті. Оның барысында жиналған қауым режиссердің Арал тағдырын баяндайтын, 1988 жылы жарыққа шыққан «Жоқтау» фильмін тамашалап, тебіренді.

Аралды тірілту мүмкін емес. Бірақ елімізді, туған ауылымызды көркейту, экологиялық жағдайды жақсарту – қолдан келетін нәрсе. Сол себепті өзім ерікті ретінде жобаға қатысып отырмын. Сынаудың, сөздің орнына іспен көрсетіп, жағдайды түзеуге үлес қосуға болады. Бастысы, осындай жоба арқылы жастардың, қауымның экологиялық, ұлттық санасын, адами сезімін оята аламыз, – деп ой бөлісті белгілі режиссер.

Келесі күні 80-ге жуық ерікті қолға күрек алып, бір кісідей атсалысып, Аралдың құрғаған табанына сексеуіл отырғызды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Республикалық орман-селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК-нің бас директоры Әліби Ғазизұлы жобаның ерекшелігіне тоқталды.

1 миллион 100 мың гектар жерге сексеуіл отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. 2021-2023 жылдар аралығында 545 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылды. Енді жұмыстың жартысы қалды. Сексеуіл отырғызуға Аралға ерктілердің келуі – Қазақстан тарихында болмаған жайт. Бұған дейін шет мемлекеттен көмектескен көптеген донор болды. Мысалы, Оңтүстік Корея, Германия, Америка сияқты елдер. Ал енді сексеуіл жайлы айта кетейін. Бұл – балта шаба алмайтын, ара кесе алмайтын қасиетті ағаш. Бір түбінің өзі 4 тонна құмға дейін ұстап тұра алады. Дүниежүзі бойынша біздің елде ең көп өседі. Осы Қызылорда облысында, Мойынқұмда, Созақта, тіпті Балқаш жақта сексеуіл кездеседі. Жалпы, оның екі түрі бар: қара және ақ сексеуіл. Бүгін қара сексеуіл отырғызылды. Көшетті лайға батырып, әбден сіңгеннен кейін отырғызғанымызды ескерте кетейін. Ол лай гидрогель мен көңнен тұрады, яғни сексеуілге қажетті ылғал мен минералды қорек жеткілікті. Сондықтан бұл сексеуіл көшеттері суарылмайды. 4 жылдан кейін, бұйырса, тұқымын береді, – деді Әліби Ғазизұлы.

Ұлттық волонтерлік желісінің координаторы Бауыржан Жұмат өзінің жобадан алған әсерін бөлісті.

Жобаға қатысу үшін арнайы Астанадан келдім. Бұл – ерекше жоба. Алғаш рет жоба жайлы естігенімде, «қатысамын» деп бірден шешім қабылдадым. Бұған дейін басқа да волонтерлік акцияларға қатысқанмын. 7 жылдан бері еріктімін. 7 жыл ішінде Ақтөбе, Тараз қалаларына барып, «Жасыл белдеу» экологиялық жобаларына қатысқанмын. Шынымен де экологиялық апатқа душар болған өлкеге, Арал теңізіне келіп, тіршіліктің пайда болуына кішігірім болса да көмектестік деген ойдамын. Астанаға барған соң басқа да волонтерлермен осы әсерімді бөлісемін. Аралға тарихта бірінші рет еріктілер келіп, сексеуіл көшеттерін отырғызды. Қазақстандық еріктілер келіп, бірінші рет сексеуіл отырғызды деген – ерекше мақтаныш, – деді Бауыржан Жұмат.

«AlmaU – тұрақты даму мақсаттарын ұстанатын және жыл сайын экологиялық жобаларды ұйымдастыратын әлеуметтік жауапкершілігі бар университет. 2019 жылдан бастап «Ұлы Балқаш шақырады!» жобасын дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Мейлінше көп адамды экологиялық мәселелерге тарту – біз үшін аса маңызды. Осы құндылықтарға сүйене отырып, біз «Syr qorǵany – sekseýil» волонтерлік экологиялық жобасын қолдауға шешім қабылдадық. Ерекше атап өтетін жайт, бұл – коммерциялық мүддені көздемейтін күрделі, құны қымбат жоба. AlmaU еріктілерді өзінің және демеуші қаражатының есебінен апарды», – деп атап өтті AlmaU ректоры Гүлнар Күренкеева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама