×

Былтыр «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 500-ге жуық адам жұмысқа орналасты

Бір Ақтөбе облысының өзінде 104 адам тұрақты жұмыс тапты

 Дастан Жұмабекұлы 28.02.2024 | 14:20
Фото: Halyq uni.kz

Былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша еліміздің жер-жерінде 493 адам жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жоба аясында Ақтөбе облысында 104, Алматы қаласында 39, Жетісу облысында 39 адам жұмысқа орналасты.

Осы жобаға қатысып, жолы болған Жамбыл облысының тұрғыны Жадыра Мұханованың айтуынша, ол  2022 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Психология» мамандығы бойынша бітірген. Халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, маманнан консультация алып, өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі мен дағдыларын игеру үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысқан. Содан кейін былтыр қаңтарда жоба бойынша Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне жіберілген. Онда ол өзін жан-жақты білікті маман ретінде көрсетіп, осы оқу орнында жұмыс істеп келеді.

Министрліктің хабарлауынша, жобаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде 35 жастан аспаған жұмыссыз азамат қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

Жоба бойынша оқу орындарының түлектеріне арналған жұмыс орындары олар игерген кәсіп немесе соған ұқсас мамандық бойынша құрылады. Жұмыс беруші жобаға қатысушыларға кәсіби білімі мен жұмыс тәжірибесін айту үшін тәлімгерді бекітеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама