×

Алматы облысында сот орындаушы балалардың алиментін жымқырған

Заңсыз әрекеттердің салдарынан әкесі жұмысынан айырылды

 Динара Амантай 28.02.2024 | 11:03
Фото: Halyq Uni

Алматы облысында жеке сот орындаушысы 1,5 жыл бойы балаларға төленген алиментті жымқырып отырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Аталған уақыт ішінде баланы асырауға сот орындаушысының арнайы шотына борышкердің жалақысынан 816 мың теңге аударылған. Сот орындаушысы бұл ақшаны баланың анасының шотына әрі қарай аудармаған.

Бұл ретте алимент аударушының адалдығына қарамастан, сот орындаушысы борышкердің жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұруға дейінгі барлық шектеу шараларын қабылдады.

Сот орындаушысының жоғарыда аталған заңсыз әрекеттерінің салдарынан әкесі жұмысынан және табыс көзінен, ал баласы өзіне тиесілі алименттерден айырылды.

Облыс прокуратурасы жолдаған материалдар бойынша полиция департаменті сот орындаушысына қатысты ҚР ҚК-нің 251-бабы («Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану») бойынша қылмыстық іс қозғады, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ қабылданған шаралармен борышкердің жүргізуші куәлігі қалпына келтірілді және ол бұрынғы жұмысына қайта орналастырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама