×

Биыл БЖЗҚ 109,6 млрд теңге таза пайда тапқан

Бір жылда табыс 72%-ға артқан

 Дәурен Ерболат 27.02.2024 | 10:35
Фото: Halyq Uni

2024 жылғы қаңтарда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) таза инвестициялық кірісі 109,6 млрд теңге болды, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45,7 млрд теңгеге артық.

Биыл 1 ақпандағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 10,3% болды. Бұл кезеңде инфляция – 9,5%.

Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және тағы басқадан тұрады.

Ұлттық банк және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялық кіріс алу үшін Қазақстандағы және шетелдегі экономиканың түрлі секторларының әртүрлі қаржы құралдарына түрлі валюталарда орналастырады.

Инвестициялық портфельді әртараптандыру (инвестициялау құралдары мен нарықтың алуан түрлілігі) зейнетақы жинағының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылғаннан бастап инвестициялық кіріс 2024 жылғы 1 ақпанда шамамен 9,5 трлн теңге болды.

Бүкіл кезеңдегі инфляция 761,15% болғанда, жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 822,03% көрсетті. Осылайша, ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама