×

Астанада Борис Керімбаевты еске алуға арналған турнир басталды

Биылғы алғашқы үлкен жарысқа 12 облыстан 250-ге жуық балуан қатысып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 21.02.2024 | 09:43
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында алғаш рет Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл және қазақтың «қара майоры» атанған Борис Керімбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен турнир өткізіліп жатыр.

Биылғы алғашқы ірі додаға еліміздің 12 облысынан 250-ге жуық балуан қатысып отыр. Оның ашылу салтанатына Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов қатысып, спортшыларға игі тілегін айтты.

Мұндай турнирлер – тәжірибе жинауға керемет мүмкіндік. Бұйырса, осы турнирге жиналған жас балауандар алдағы уақытта  ересектер арасында өтетін республикалық жарыстарда бақ сынайтын болады. Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаев секілді еліміздің патриоты, елін қорғайтын батыр азамат болатындарыңызға сенемін. Осы сәтті пайдалана отырып, Париж Олимпиадасында жүлдеге таласатын отандастарымызға жеңіс тілеймін! – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы турнир алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп, жыл күнтізбесіне кіргізілетін болады. 

Жарысқа балуандар Абай, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, СҚО, ШҚО және Алматы мен Астана қаласынан қатысып жатыр.

Турнирде  45, 48, 51, 55, 60, 65, 71, 80, 92, 110 келі салмақ бойынша жеңімпаздар анықталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама