×

Президент жастарды бюрократияға тосқауыл қоюға шақырды

Мемлекеттік қызметті неғұрлым озық салаға айналдыру керек

 Дәурен Ерболат 20.02.2024 | 16:44
Фото: Telegram/Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды бюрократияға тосқауыл қоюға шақырды, деп хабарлады Ақорда.

Жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мемлекеттік қызмет жүйесінде барлық үдеріс ашық болуға тиіс. Мемлекет адам үшін қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар кадр резервінің форумында.

Оның пікірінше, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын шынайы бағалайтын нақты өлшемдер болуға тиіс.

Бұл – бағалау жүйесін ұдайы жаңартып отыру қажет деген сөз. Мемлекеттік қызметшінің іс жүзінде атқарған жұмысы міндетті түрде ескерілуі керек. Ең бастысы, әрбір қызметкер еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттерге сәйкес барынша тиімді жұмыс істеуге дайын болуы қажет, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев IT-шешімдер арқылы мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыру маңызды деген ұстанымда.

Жасанды интеллект технологиясын және ауқымды мәліметтер қорын, яғни Big Data-ны тиімді қолдану керек. Заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнатудың жолдарын жақсартқан жөн. Себебі барлық маңызды шешім азаматтардың пікірі негізінде қабылдануға тиіс, – деді ол.

Бұған дейін мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысып жатқаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама