×

Рыбакина Доха турнирінен 308 320 доллар сыйақы алды

Сонымен бірге ол 650 рейтинг ұпайын жинады

 Дастан Жұмабекұлы 18.02.2024 | 10:27
Фото: https://t.me/RRaketkasi

Қазақстаның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакинаның Қатардың Доха қаласында өткен Qatar Totalenergies Open WTA 1000 турнирінен тапқан пайдасы белгілі болды.

Теннисші финалға шыққаны үшін 308 320 АҚШ доллары мен 650 рейтинг ұпайын алды.

Турнирдің жеңімпазы Польша спортшысы Ига Швентек 523 485 долларға ие болса, рейтингтегі жағдайын 1000 ұпайға жақсартты.

Ига Швентек – әлемнің бірінші ракеткасы. Екеуі осыған дейін төрт рет ойнап, соның үшеуінде Рыбакина жеңіске жеткен еді. Енді тенниcшілердің өзара есебі 3:2 болды.

Бұл жолы да Рыбакина барын салып ойнады. Ол бірінші партияда екі брейк жасап, 4:1 есебімен алға шыққан еді. Алайда Швентек есепті теңестіре алды. Рыбакина тағы бір брейк жасап, сетке доп бергенімен, мүмкіндігін пайдалана алмады. Содан кейін тай-брейкте 6:7 (8:10) есебімен жеңілді.

Екінші сетте Швентек брейкпен алға шықты. Одан соң есепті 5:2-ге жеткізді. Ең соңында матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ. Есеп 6:2 болды.

Матч 2 сағат 15 минутқа созылды.

Рыбакина 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды.

Енді Елена Рыбакина алдағы аптада Дубайда дәл осындай жарыста бақ сынайтын болады.

Дубай WTA 1000 турнирінде Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды

Ол әуелі әлемнің 31-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренко немесе рейтингіде 43-орындағы Нидерландттың өкілі  Аранча Рустың арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі.

Тағы бір әлемнің 76-ракеткасы Юлия Путинцева негізгі турнирге өте алмады. Ол іріктеу сайыстарының финалында тартысты бәсекеде әлемнің 52-ракеткасы, Польша өкілі Магдалена Фрешке 3:6, 6:3, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.

Сондай-ақ ерлер арасында әлемнің 189-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Доха ATP 250 додасының іріктеу сайысында сүрінді. Ол әлемнің 140-ракеткасы, словакиялық Лукаш Клейнге 4:6, 3:6 есебімен есе жіберді. Ал Михаил Кукушкин жарады. Теннисші Бахрейннің Манама қаласында өткен челленджер турнирінің жеңімпазы атанды.

Ол финалда әлемнің 130-ракеткасы, франциялық Ришар Гаскемен бас жүлдені сарапқа салды.

Кукушкин бірінші партияда тай-брейкте қарсыласынан 7:6 (7:5) есебімен басым түсті. Содан кейін екінші сетте 6:4 есебімен жеңді.

Михаил Кукушкин осы табысының арқасында ATP Live рейтингінде бірден 162-орынға көтерілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама