×

Елена Рыбакина Дохада әлемнің 1-ракеткасынан жеңіліп қалды

Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездескен

 Халық үні 18.02.2024 | 07:58
Фото: Instagram.com/wta/

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің финалында жеңіліп қалды.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездессе, соның үшеуінде Е.Рыбакина жеңіске жеткен еді. 

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшы екі брейк жасап, 4:1 есебімен алға кеткенімен, азулы қарсыласы қарап қалмады – 4:4. Рыбакина тағы бір брейк жасап, сетке доп бергенімен, ол мүмкіндігін пайдалана алмады – 6:6. Сосын тай-брейкте есе жіберді – 6:7 (8:10).

Екінші сетте И.Швентек брейкпен алға шықты – 3:1. Содан кейін есепті 5:2-ге жеткізді. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.

Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсекеде Е.Рыбакина 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. Польша теннисшісі 2 эйспен бірге 5 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді. 

Осылайша, Ига Швентек Қатардағы Доха додасында үшінші жыл қатарынан чемпион атанды.

Енді Е.Рыбакина алдағы аптада Дубайда дәл осындай жарыста бақ сынайтын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама