×

Нұр-Сұлтанда екі адамды жарақаттаған баннерге қатысты тергеу басталды

Мердігер компания жауапқа тартылуы мүмкін

 Динара Амантай 27.05.2022 | 17:39
Фото: Halyq Uni

Елордада баннер құлап, екі адамның жарақаттануына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

26 мамырда Алматы аудандық полиция басқармасына «Бейбітшілік пен келісім сарайы» кіре берісінің алдында тұрған баннердің қатты желден оңға қарай жылжып, құлағаны туралы хабарлама түсті. Баннер құлаған сәтте оның жанында 12 жастағы қыз бен 34 жастағы әйел тұрған. Қазіргі уақытта зардап шегушілер ауруханада ем алып жатыр. Осы факті бойынша ҚР ҚК 306-бабымен (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет көрсету) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды, – деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге Алматы ауданының әкімдігі баннер талапқа сай арнайы арматура мен якорь арқылы бекітілгенін хабарлады. Алайда мердігер компанияға қатысты өз міндеттемелерін дұрыс орындамағаны үшін бұйрық дайындалып жатқаны белгілі болды.

Еске сала кетсек, елордада үлкен баннердің құлауы салдарынан 34 жастағы әйел мен жасөспірім зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама