×

«Аттың үстінде ұйықтадым»: Аягөзде боранда қалған бала оқиғаның қалай болғанын айтты

Баланың айтуынша, тау-тасты аралап әбден қалжыраған.

 Халық үні 13.02.2024 | 23:21
фото: polisia.kz

Абай облысы Аягөз қаласының тұрғыны 9 жастағы Мерей Иманғали боранды күнде 14 сағат бойы қарлы боранда далада қалған. Ал баланы аман жеткізген тұлпардың аты – Кері айғыр. Оқиғаның мән-жайын жеткіншек пен анасы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Мерей кішкентайынан атқа құмар болған, қазіргі күні асау үйретіп жүр. Ол бүгін 9 жасқа толды.

Аягөздің ішінде Жаңаауыл деген шағын ауыл бар. Сол жерде Мерейдің нағашы атасы Дүйсенғали тұрады. Атқа сол кісінің арқасында құмар болды. Сол атасына барып, аттың қасында жүреді. Сол үйде өзінің қамшысы, жүгені бар, - дейді Мерейдің анасы Ләззат Нартбаева.

Мерей боранда адасатын күні анасына нан әкеп беріп, жылқыға барып келем деп шығып кеткен.

Ағама еріп, жайылып жүрген жылқыға барады. Содан жылқылар екіге бөлініп кеткен, ағам бөлінген жылқыға кетіп, осы жерде тұр деп ескерткен. Ұлым тоңып кетіп ары-бері жүреді. Тоңып үйге қарай жүрейін деген, бірақ боран соғып, 40 км ықтырып әкеткен, - дейді анасы.

Таңғы сағат оннан бастап іздеу басталған. Баланың айтуынша, тау-тасты аралап әбден қалжыраған.

Қасқырдан қорықтым. Аттың үстінде ұйықтадым, бірақ ыңғайсыз екен. Аттан түсіп, тізгінін қолыма ұстап алып қардың үстінде ұйықтадым. Ат та жатып, қасымда ұйықтады. Сосын жанып тұрған электр жарығын көрдім. Барсам жол өткелі екен. Бір аға қар күреп жатыр екен. Сол кісі мені үйіне апарды, - дейді Мерей Иманғали.

Балаға жолыққан тұрғын іздеушілерге хабар беріп, баланы сол жерден алып кеткен.

Жағдай ішкі істер министрінің ерекше бақылауында болды. Жеткіншекті іздеуге барлығы 100-ден астам адам қатысқан. 5 дрон көтерілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама