×

Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер кубогы қайтарылады

Қазір жүлденің дубликаты жасалып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 08.02.2024 | 15:24
Фото: prosports.kz

Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевқа Олимпиялық ойындардың ең техникалы боксшысына берілетін Вел Баркер кубогы қайтарылатын болды. Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов айтты.

Ол атақты боксшыға Вел Баркер кубогының наурыз айында қайтып тапсырылатынын, қазір оның дубликаты жасалып жатқанын хабарлады.

Жағымды жаңалық жетті. Көптен күткен жаңалық. Бақтияр Артаевқа алдағы айда Вэл Баркер кубогы табыс етіледі. Дәл қазір оның дубликаты дайындалып жатыр. Естеріңізде болса, 2021 жылы Сербиядағы әлем чемпионатында Бақтияр Артаев осы жүлдесін ресми түрде Халықаралық бокс федерациясына тапсырған болатын. Сол кезде өте сапалы көшірмесі жасалып, өзіне берілетіні айтылды. Міне, сол уәде араға ұзақ уақыт салып, енді орындалайын деп жатыр, – деді әріптесіміз.

Оның айтуынша, 1936 жылдан бері әр Олимпиадада ең үздік боксшыға берілетін жүлде 2004 жылы қолдан қолға берілмейтін болған. Яғни, одан кейінгі жазғы Ойындарда жаңа кубок дайындалып, ең үздік боксшыға табыс етілетін болды. Ал 90 жылға жуық тарихы бар негізгі кубок Бақтияр Артаевтың еншісінде қалды. Содан кейін құнды сыйлық ұзақ келіссөздерден кейін Халықаралық бокс федерациясына берілді.

Енді наурызда Астанада Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтеді. Міне, осы бокс бәсекесіне дейін әлгі көшірме дайын болады. Халықаралық бокс федерациясы Бақтияр Артаевқа турнирдің ашылу салтанатында ресми түрде тапсырады.

Бақтияр Артаев – 2004 жылы Грекияның астанасы – Афина қаласында өткен жазғы Олимпиялық ойындарды 69 келіге дейінгі салмақта жеңіп алған қазақтың атақты боксшысы, халықаралық спорт шебері, 1-дәрежелі Барыс орденінің иегері.

Оған дейін Вел Баркер кубогын 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында жалауы желбіреген Олимпиадада 81 келіде, яғни жартылай орта салмақта Василий Жиров иеленген болатын. Ал Бақтияр Артаевтан кейін 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада 69 келіге дейінгі салмақта Серік Сәпиев кубоктың иегері атағына лайық деп танылды.

Вел Баркер кубогы – 1936 жылдан бастап Олимпиялық ойындардың ең техникалы боксшысына берілетін жүлде. Кубок 1920 жылы ағылшын боксшысы, Халықаралық әуесқой бокс федерациясының алғашқы құрметті хатшысы Вел Баркердің құрметіне тағайындалған.

Кубок – АИБА-ның жекеменшігі. Ол Олимпиялық ойындарда алған орынына қарамастан, ең мықты техника көрсеткен боксшыға табыс етіледі. Жеңімпазға кубоктың көшірмесі мен АИБА-ның дипломы беріледі. Кубок жарыстар біткен соң бір күннен кейін, арнайы рәсім кезінде АИБА мүшелері мен шақырылған қонақтардың көзінше табыс етіледі.

Салтанатты іс-шараға кубокқа үміткер болған барлық спортшы шақырылады. Кубокқа жеңімпаздың есімі, салмағы, елі және Олимпиада өткен қаланың атауы қашалып жазылады. Кубок иегері оны өз елінің Ұлттық бокс федерациясына келесі Олимпиялық ойындарға дейін сақтауға өткізеді.

Ұлттық бокс федерациясы АИБА-ға кубокты қауіпсіздікті сақтау жөнінде кепілдеме беріп, АИБА-ның есепшотына кепілдік ретінде ақша аударады. Келесі Олимпиялық ойындардың басталуына кем дегенде 7 күн қалғанға дейін кубок Олимпиада болатын қалаға, АИБА-ның атқарушы комитетінің мүшелеріне жеткізілуі керек. Кубок иегері АИБА тарапынан келесі Олимпиадаға құрметті қонақ ретінде шақырылып, кубокты келесі боксшыға тапсыру рәсіміне қатысады. Егер оны қатарынан 3 рет бір елдің бокшылары алса, онда кубок сол елдің Ұлттық бокс федерациясының меншігіне өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама