×

Жалған несиемен 2,9 млрд теңге жымқырған қылмыскер ұсталды

Ол сыбайласымен бірге 200-ден аса адамды сан соқтырған

 Динара Амантай 08.02.2024 | 09:26
Фото: Halyq Uni

Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген іздеудегі қылмыскер ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

6 ақпанда Бас прокуратураның үйлестіруімен Астана қаласында аса ірі көлемде алаяқтық қылмысы бойынша күдікті К.М. Сүлейменов ұсталды. Бұған дейін 30 қаңтарда Қызылорда қаласында оның тағы бір сыбайласы Р.Қ. Қаржауов ұсталған болатын.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, К. Сүлейменов 2021-2022 жылдары адамдар тобымен азаматтарға жалған автокөлік несиесін рәсімдеген. Олардың алаяқтық әрекеттерінен 231 адамға 2,9 млрд теңге залал келтірілген. Тергеу барысында 2022 жылдың мамырында Сүлейменов тергеуден бой тасалап, оған іздеу жарияланған болатын.

Қазір Сүлейменов Ақтау қаласына жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама