×

Олжас Бектенов Қазақстан премьер-министрі болып тағайындалды

Мәжіліс Олжас Бектеновтің кандидатурасына келісім берді

 Дәурен Ерболат 06.02.2024 | 15:09
Олжас Бектенов, фото: akorda.kz

Бүгін Мемлекет басшысы ҚР премьер-министрі лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынып, Мәжіліс депутаттарының талқылауына салды.

Қазақстан халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаттары Олжас Бектеновтің кандидатурасына дауыс беруден қалыс қалды.

Мәжілістегі «Ақ жол», Respublica мен «Ауыл» партиялары Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдады.

Жалпы, 69 депутат Олжас Бектеновтің кандидатурасына дауыс берді, 7 депутат қалыс қалды.

Еске салайық, Мемлекет басшысына AMANAT партиясының атынан премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасы ұсынылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр кандидатурасын партия фракциясы мүшелерімен талқылады.

Талқылауға Amanat партиясынан Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан халық партиясы фракциясынан Магеррам Магеррамов, «Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев, ЖСДП фракциясынан Асхат Рақымжанов, «Ауыл» партиясынан Серік Егізбаев, Respublica партиясынан Айдарбек Ходжаназаров қатысты.

Олжас Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген (2001).

Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.

2005-2006 жылдары – ҚР премьер-министрі кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы. 

2006-2009 жылдары – ҚР Президентінің әкімшілігінде қызмет істеді.

2009-2012 жылдары – ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.

2012-2014 жылдары – ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары – Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2017-2018 жылдары – Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018-2019 жылдары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.

2019-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

2023 жылдың 3 сәуірінен бастап ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама