×

Әлихан Смайылов қазақстандықтарға үндеу жасады

Айтуынша, инфляция 2 есе төмендеген

 Халық үні 05.02.2024 | 19:49
Фото: primeminister.kz

Бүгін президент жарлығымен қызметінен босатылған Әлихан Смайылов қазақстандықтарға алғыс айтты.

Құрметті қазақстандықтар! Бүгін мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуін қабылдады. Ең алдымен, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сындарлы уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметін басқаруға сенім білдіргені үшін зор алғысымды білдіремін. Өткен 2 жыл қоғам үшін шешуші кезең болды. Мемлекет басшысы жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады. Үкімет осы реформаларды іске асыру және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,1%-ды қамтыды, - деп жазды Үкіметтің бұрынғы басшысы Facebook-тегі парақшасына.

Оның айтуынша, бүкіл негізгі секторлар оң даму динамикасын көрсеткен. Инфляция 2 есе төмендеген.

Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 жыл қатарынан соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Оның жылдық көлемі 26-28 млрд долларды қамтыды.

Ұлттық қордың активтері былтыр 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты. Рейтингтік агенттіктер ұлттық экономиканың тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады. Үкіметтегі барлық әріптестеріме, сондай-ақ депутаттық корпусқа бірлескен және нәтижелі жұмыс үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар еліміздің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген әрбір қазақстандыққа алғыс айтамын, - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама