×

Ұлттық зияткерлік ойынның үздіктері марапатталды

Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының басшылығы жылды қорытындылады

 Динара Амантай 05.02.2024 | 11:30
Фото: Дүниежүзілік және Республикалық Тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі

Елімізде енді Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының қамқоршылар кеңесі жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Астанада өткен алқалы жиында Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астанада Дүниежүзі және Қазақстан тоғызқұмалақ федерациялары басшылығы жылды қорытындылап, өткен жылы белсенді жұмыс істеген аймақтарды марапаттады. Кездесуге федерацияның қамқоршылар кеңесіне мүше болған қайраткерлер қатысты. Олардың сапында М.С. Нәрікбаев атындағы университеттің басқарма басшысы Талғат Нәрікбаев, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, «Мұнайсервис» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Рашид Жақсылықов, Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов, Tas Group компаниялар тобының иесі, кәсіпкер Дулат Тастекей, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, Respublica партиясының аппарат жетекшісі Бақытбек Хамит бар. Ал Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

Айта кетерлігі, Ұлттық зияткерлік ойынның дамуына үлес қосу үшін елге танымал бірнеше азаматқа ұсыныс жасалған. 

Қамқоршылар кеңесі – бейресми ұйым. Оның басты мақсаты – тоғызқұмалақтың дамуына, стратегиялық бағыттарын анықтауға көмек көрсету және жалпы тоғызқұмалақтың танымалдылығын арттырып, оның жан-жақты жүйелі дамуына қолдау көрсететін тұлғалардың басын біріктіру. Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов жиында барша қауымдастық атынан тоғызқұмалаққа демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлерге, қоғам қайраткерлеріне және барша тоғызқұмалақ жанашырларына шын жүректен алғысын жеткізді. Әсіресе, бүгін құрылған қамқоршылар кеңесіне кіретін азаматтардың осы игі қадамы тоғызқұмалақтың дамуына жаңа леп беретінін атап өтті. Жиын барысында Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әкім Тұрсұн тоғызқұмалақтың қазіргі дамуы және алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады. 

«Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы» 2023 жыл қорытындысы бойынша «Ең үздік» номинация иегерлерін марапаттады:

  • Ең үздік өңір – СҚО;
  • Ең үздік қала – Шымкент;
  • Ең үздік жергілікті федерация – Алматы қаласы;
  • Ең үздік төреші – Әлімжан Қыдырбаев (Алматы қаласы);
  • Тоғызқұмалақ жаршысы – TEKTURMAS Youtube арнасы;
  • Тоғызқұмалақ жаршысы – Әсел Далиева; 
  • Қарқынды дамушы федерация – Жамбыл облысы.

Бұл кездесуге әр өңірдегі федерация басшылары мен бас жаттықтырушылар да қатысып, кешке дейін күн тәртібіндегі бірнеше мәселе талқыланды.

Биыл Астанада 5 жылда бір өтетін Көшпенділер ойыны ұйымдастырылады. Бұл бүкіл түркі әлемі үшін ғана емес, дүниежүзінің көптеген мемлекеттері үшін маңызды шара болмақ. Сондықтан қызу дайындық жүріп жатыр. Тоғызқұмалақ ойнауға әлемнің 50 елінен командалар жиналады. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Оны жоғары деңгейде өткізу болашақта осы ұлттық зияткерлік ойынның дамуына серпін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама