×

Әскери қауіпсіздік саласындағы заңдылықты бұзған 2 мыңға жуық адам жауапқа тартылды

Бас әскери прокуратура былтыр 363 тексеру және 153 талдау жүргізді

 Динара Амантай 05.02.2024 | 11:00
Фото: facebook.com/GenProkRK

Әскери инфрақұрылымды дамыту және Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қайта жарақтандыру кезіндегі заңдылықтың жай-күйі мәселесі бойынша Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратура алқасының отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Іс-шараға Қауіпсіздік кеңесінің өкілдері, әскери ведомстволардың, сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Қаржы министрліктерінің басшылары қатысты.

Бас прокурор әскери қызметшілер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерінің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.

Бас әскери прокуратура 2023 жылы әскери қауіпсіздік саласындағы заңдылықтың жай-күйіне 363 тексеру және 153 талдау жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша  2 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Қадағалау актілері бойынша «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-нің 4 мыңға жуық қызметкерінің 270 млн теңгеден астам жалақы бойынша берешегі өтелді.

Қорғаныс министрлігі БӘП бастамасымен заттай мүліктің цифрлық есебін енгізіп жатыр. Әскердегі құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған әскердегі құқықбұзушылықтардың алдын алудың 3 жылдық бағдарламасы іске асырылады. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2023 жылы қылмыстық құқықбұзушылықтардың 4,2%-ға, оның ішінде аса ауыр құқықбұзушылықтардың 30%-ға, ауырлығы орташа қылмысты 3,1%-ға, теріс қылықтардың 24%-ға төмендеуіне қол жеткізілді.

Отырыс барысында оқ-дәрілерді сақтау мәселелері, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар жеке талқыланды.  

Сондай-ақ Бас прокуратураның бастамасымен бірнеше ведомствоаралық жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданып, олар күн сайын әскери инфрақұрылымды жақсартуға және дамытуға, әскерді сапалы қайта жарақтандыруға, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды іске асыруды сүйемелдейтін болады.

Оның құрамына Бас прокуратураның және Бас әскери прокуратураның, қорғаныс, төтенше жағдайлар, қаржы, өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен Шекара қызметінің жауапты өкілдері кіреді.  

Алқа қорытындысы бойынша Бас прокуратура әскери ведомстволардың басшыларына, мүдделі мемлекеттік органдарға әскери саладағы заң бұзушылықтарды болдырмау бойынша пәрменді шаралар қабылдау туралы ұсынымдар берді.
 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама