×

Жер сілкінісі Шымкенттегі газ құбырын зақымдады

Ақдала көшесінде газдың иісі шығып жатқаны туралы хабарлама түскен

 Айнұр Шошаева 04.02.2024 | 14:39
фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Газ қызметкерлері Шымкентте газ құбырындағы ақауды жедел қалпына келтірді. Тұтынушыларды табиғи газға қайта қосу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлады Halyq Uni.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мәліметінше, компанияның апаттық-диспетчерлік қызметіне Шымкент қаласының Мәртөбе шағын ауданындағы Ақдала көшесінде газдың иісі шығып жатқаны туралы хабарлама түскен.

Газ құбырындағы ақау дереу анықталып, оны жедел қалпына келтіру жұмыстары түні бойы жүргізілді. Тұтынушыларды газға қайта қосу жұмыстары 4 ақпанда таңертең толығымен аяқталды, - деді компания өкілдері.

Белгілі болғандай, кеше диаметрі 325 мм жоғары қысымды жерасты газ құбырында газдың ауаға тарап жатқаны анықталған (газ құбыры 70-жылдары пайдалануға берілген).

Қауіпсіздік мақсатында және апатты жою үшін жеке сектордың 1 450 тұтынушысы, 7 өнеркәсіптік кәсіпорын және 12 коммуналдық-тұрмыстық объекті газдың шұғыл жүйесінен ажыратылды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ компания газ құбырындағы бұл жағдайдың жақындағы жер сілкінісі салдарынан пайда болғанын атап өтті. Бұған дейін мұндай жағдай Қайнар ауылының маңындағы орта қысымды жерасты газ құбырында тіркелген.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ және «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-мен бірлесіп, өткен жер сілкінісінен кейін 23 қаңтардан бастап қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын газ құбырларын тексеріп келеді. Бұл жұмыстар үшін «ДЛС-Пергам» мобильді зертханасы қолданылады», - деді «ҚазТрансГаз» АҚ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама