×

Тоқаев баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады

Осыдан 111 жыл бұрын «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді

 Динара Амантай 02.02.2024 | 10:00
Фото: yandex.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құрметті баспасөз қызметкерлері! Баршаңызды Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сонау 1913 жылы, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді, – деді президент.

Сондай-ақ ол газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтеретінін, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығаратынын айтып, жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейтінін жеткізді.

Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін! – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама