×

Майқайыңдағы апат: қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына ірі көлемде көмек беріледі

Бүгінде оларға 4,5 млн теңге берілген 

 Дәурен Ерболат 01.02.2024 | 16:48
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Павлодар облысының Маңқайың кентінде іздестіру жұмысы аяқталған соң қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына ірі көлемде материалдық көмек беру мәселесі пысықталады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бүгінде қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Оның ішінде 2 млн теңгені «Майқайыңалтын» АҚ төлеген.

Сондай-ақ кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталығы оларға 1 млн 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсеткен.

Сонымен қатар отбасыларға жерлеу рәсімдеріне 369 200 теңге, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге 347 мың теңге берілген.

Бұл төлемдерді денелері табылған 2 құтқарушының отбасылары алды. Іздестіру жұмысы аяқталғаннан кейін жоғалған адамдардың (1 құтқарушы, 1 жүргізуші) денесі табылған жағдайда немесе қайтыс болды деп танылса, қалған отбасыларға да осындай сома тағайындалады, - деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек, отбасыларға асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақы (18 жасқа толғанға дейін отбасындағы әрбір балаға берілетін ай сайынғы төлем) тағайындалады.

Отбасыларға берілетін көмек тек осымен шектелмейді.

Жергілікті атқарушы орган кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және «Майқайыңалтын» АҚ-дан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселе пысықталып жатыр. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есе көп. Төлемдердің нақты сомасы іздестіру жұмысы аяқталғаннан кейін хабарланады, - деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы шұңқырға 4 жолаушысы бар автобус құлап кеткен еді. Опырылған жердің ұзындығы – 150-200 метр, ені – 500 метр, тереңдігі – 150 метр.

2 құтқарушының денесі табылды. Қалған 2 адам әлі іздестіріліп жатыр. Сондай-ақ апат болған аумақтан құтқарушының сөмкесі табылғаны хабарланды. Одан бөлек, ТЖД автобустағы 2 адам тірі болуы мүмкін деген болжам жасады.

Арнайы комиссия апатқа кінәлі 7 адамды анықтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама