×

Questra Holding: 1 млрд теңгеге алдаған алаяқ ұсталды

Күдікті елге жеткізіліп, бірден тергеу изоляторына қамалды

 Дастан Жұмабекұлы 01.02.2024 | 14:57
Фото: Halyq Uni

Questra Holding компаниясын құрып, халықты 1 млрд теңге ақшаға алдаған деген күдікті ұсталды. Бұл азаматты Бас прокуратура мен ІІМ-нің Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Испанияда қолға түсіріп, елге алып келді. Ол бірден тергеу изоляторына қамалды.

Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті Испанияда тұрып жатқан жылы жерінен экстрадицияланған. Ол қаржы пирамидасын құрғаны үшін жауапқа тартылады. Бұған дейін құзырлы орган Questra Holding компаниясын құрған тағы бір күдіктіні ұстап, елге әкелген болатын. Олар трансұлттық ұйымдасқан топтың жұмысымен айналысқаны үшін ұсталып отыр.

Бүгін ұсталған адам 2016-2017 жылдар аралығында заңсыз табыс табу үшін шетелдіктермен бірге Questra Holding компаниясын құрды деген күдікке ілінді.

Қылмыскерлер қаржы пирамидасын насихаттап, елден ақша жинау үшін ойдан шығарылған веб-сайттар ашқан. Интернет сайттарда инвестициялық портфельдерді сату туралы ақпарат жариялап отырған. Бұл топ 800-ден астам азаматты алдап, 1 млрд теңгеден астам ақша алған. Осыған байланысты күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланды, – делінген материалда.

2022 жылдың желтоқсанында Бас прокуратураның экстрадициялық сұрауы бойынша іздеудегілердің бірі Испанияда ұсталды. Енді ол 10 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сонымен бірге оның қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама