×

Түркістанда жаңа мешіт ашылды

Құлшылық үйі 300 адамға шақталған

 Дастан Жұмабекұлы 31.01.2024 | 09:25
Фото: muftyat.kz

Түркістан қаласында жаңа мешіт ашылды. Ол әйгілі сахаба Абдуррахман ибн Ауф есімімен аталатын болды.

Мешіттің ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, жергілікті ақсақалдар мен демеуші азаматтар қатысты.

Іс-шарада бас мүфти құттықтау сөз сөйлеп, мешіттің маңызы туралы айтты.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғы арқылы күнә-кемшіліктері кешіріледі. Мешіттің атауы ардақты сахаба Абдурахман ибн Ауф (Алла оған разы болсын) есімімен аталды. Жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның біреуі – осы Абдуррахман ибн Ауф. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш иман еткен кісілердің сегізіншісі болған ол хазіреті Әбу Бәкірдің себепкерлігімен Исламды қабылдаған. Піл жылында дүниеге келген Абдуррахман ибн Ауф Пайғамбарымызбен түйдей құрдас еді. Бәдір шайқасында үлкен ерлік көрсетеді. Бір топ мүшрік қоршап алғанда оны уайымдаған бір сахабаға ардақты Пайғамбарымыз «Ол үшін қорықпа. Періштелер оған көмектесуде» деген. Міне осындай әйгілі сахаба көптеген жорықтарға қатысып, асыл дінімізге жан-тәнімен қызмет етті. Бүгін сондай құрметті сахабаның есімі мешітімізге беріліп жатыр. Біз әрине Ислам дініне қызмет еткен, аты тарихта қалған дін ғұламалары, сахабалар және қазақ халқының ардақ тұтқан асыл азаматтарының есімдерін мешітке беріп келеміз. Әрбір атаудың мәні, тарихи тағылымы болуы керек.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді (Тәубә сүресі, 18-аят). Жаратушы Алланың разылығы үшін бауырларымыз осындай сауапты іске дем берген екен. Ниеттеріңіз қабыл болсын! Істеріңізге береке берсін. Енді осы мешіттен елдің тұтқасын ұстар, дінді көркейтетін азаматтар шықсын деймін. Баршаңызға Алла разы болсын», – деді бас мүфти.

Салтанатты жағдайда ашылған рәсімде қала әкімі де құттықтауын жеткізіп, Алла үйінің мәні мен маңызын айтты. 

Құлшылық үйінің құрылысы 2018 жылы басталып, ел игілігіне беріліп отыр. Мешіт ғимараты 300 адамға шақталған.

Сонымен бірге бас мүфти Түркістан қаласындағы «Қылует» рухани орталығының құрылыс барысымен танысты.

Мұнда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мешіт әрі рухани орталықтың қазіргі тынысын таныстырды. Құрылысы 2021 жылы басталған орталық биыл ашылады деп жоспарлануда. Бейсенбай Дәулетұлының айтуынша, мешіт жанынан 400 имамның білімін жетілдіруіне арналған оқу орталығы ашылады. Сондай-ақ рухани орталықтың тарихын баяндайтын музей де жоспарда тұр.

Ерекше дизайнмен салынып жатқан орталық жұмысымен танысқан Бас мүфти ең алдымен мешіттің тарихи мәнін қайтарып, соны айшықтауымыз керек деді. Бұл мешітте бір уақытта  500 адам құлшылық жасай алады. Тарихи нысанның құрылысымен танысқан соң арнайы құрбандық шалынып, дұға жасалды.

Қылует мешітінің тарихына келсек, нысан XIX ғасырдың екінші жартысында 1864-1865 жылдары салынған. Мешіт ғимараты 1960 жылы бұзылып, орнына бір күмбезді жаңа мешіт салынған. Оның алғашқы атауы «Хан» мешіті болған. 1980 жылдары намаз оқитын жамағаттың көбеюіне байланысты 1000 адамдық  көлемі 28×18 мешіт бой көтереді. Бұл мешіт Түркістан облыс орталығы болғанға дейін жамағатқа қызмет етті.

Одан кейін ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Кентау қалалық мешіті жанынан салынып жатқан медресе кірпішін қалау рәсіміне қатысты.

Үш кезеңнен тұратын құрылыстың мерзімі 5 жылға жоспарланған. Оқу ғимаратының жалпы ауданы 4500 ш.м құрайды. Оның ішіне екі қабатты жатақхана, оқу корпусы, асхана және спорт зал кіреді. Оқу ғимараты да екіқабаттан тұрады. Сынып бөлмелері, кітапхана, конференц-залға дейін қамтылады. Медресе бір мезетте 120 баланы қабылдауға дайын, – деді Кентау қаласының имамы Ғалымжан Әйекеев.

Құрылыс жұмысымен танысқан бас мүфти Бағдарлық баяндамада айтылған Хадистану ілімін толығырақ қамту керек деді. Сондай-ақ құрылыс барысында ескеретін жайттарға тоқталып, әртүрлі мәселелерді атап өтті.

Мешіт пен медресенің құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама