×

«Майқайыңдағы» апат: құтқарушылар тапқан автобустың дөңгелегіне қатысты жаңа дерек белгілі болды

Ол автобустың қосалқы дөңгелегі болып шықты

 Халық үні 29.01.2024 | 22:51
Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

Майқайыңда шұңқырдан табылған автобустың дөңгелегіне қатысты жаңа дерек шықты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі дөңгелек үйінді астынан шығарылғанын мәлімдеді

Өкінішке қарай, ол автобустың қосалқы дөңгелегі болып шықты. Ол биіктен құлаған кезде қосалқы дөңгелегі басқа да бөлшектерімен бірге шашылып кеткен. Сонымен қатар бұған дейін табылған ауа толтырылған баллонның сыртқы қабы және тағы басқа металл сынықтары табылды.

«Қосалқы дөңгелек жақпар тастарға қысылып қалған. Алғашында ол автобустың негізгі дөңгелегі болар деп топшыланған. Алайда жеке жатқан қосалқы дөңгелек екен», - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше сағат бұрын Майқайың шахтасында шұңқырға құлаған автобустың дөңгелегі табылғанын жазған еді.

Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы шұңқырға 4 жолаушысы бар автобус құлап кеткен еді. Опырылған жердің ұзындығы – 150-200 метр, ені – 500 метр, тереңдігі – 150 метр.

2 құтқарушының денесі табылды. Құтқарушылар қалған 2 адамды әлі іздеп жатыр. Сондай-ақ апат болған аумақтан құтқарушының сөмкесі табылғаны хабарланды. Одан бөлек, ТЖД автобустағы екі адам тірі болуы мүмкін деп болжам жасады.

Арнайы комиссия апатқа кінәлі 7 адамды анықтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама