×

Азия кубогы: Өзбекстан мен Тәжікстан плей-оффқа шықты

1/8 финалдағы қарсыластар белгілі болды

 Дастан Жұмабекұлы 26.01.2024 | 16:39
Фото: Тәжікстан футбол федерациясы

Осы күндері Катарда футболдан Азия кубогы жолындағы турнир болып жатыр. Турнир 12 қаңтарда басталған. 10 ақпанда финал болады. Сол күні сарықұрлықтың биылғы кубогының иегері анықталады.

Биылғы додаға қалыптасқан дәстүр бойынша 24 елдің ұлттық құрамалары қатысуда.

Кеше өз топтарында алғашқы екі орынды жеңіп алған 16 команда 1/8 финалға шықты. Өз топтарында үшінші және төртінші орында қалған басқа құрамалар турнирмен қош айтысты. Соның ішінде Орталық Азиядан Қырғызстанның жасағы да бар. Ал Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің ұлттық құрамалары өз топтарында 2-орын иеленіп, келесі айналымға жолдама алды. Сөйтіп, олар жанкүйерлерін тағы бір рет қуантты. Әсіресе, тәжік елінің футболшылары 1/8 финалға шығып, сенсация жасады.

Тәжікстан А тобында Катарды ғана алға жіберіп, 2-орын алды. Олар Қытай мен Ливанды артта қалдырды. Ал Өзбекстан В тобында Аустралияны ғана 1-орынға шығарып, өздері 2-орынды қанағат тұтты. Өзбек футболшыларынан кейін Сирия мен Үндістанның құрамалары 3 және 4-орында қалды.

Енді Өзбекстан Азия кубогының 1/8 финалында Таиланд құрамасымен ойнайды. Ал Тәжікстан командасы 2022 жылғы Азия кубогының финалисі – Біріккен Араб Әмірліктерімен күш сынасады.

Олардан басқа, құрлық кубогының 1/8 финалында Австралия-Индонезия, Ирак-Иордания, Катар-Палестина, Сауд Арабиясы-Оңтүстік Корея, Бахрейн-Жапония, Иран-Сирия бақ сынасады.

Палестина, Сирия, Иордания мен Индонезия өз топтарында 3-орын алса да ұпай санымен және доп айырмашылығымен келесі айналымға шықты.

Азия кубогының 1/8 финалдық ойындары 28-31 қаңтар аралығында өтеді.

Азия кубогының қазіргі иегері – Аустралия. Бұл елдің құрамасы 2022 жылы финалда БАӘ 2:1 есебімен жеңген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама