×

Боксшылар Иштван Бочкай турнирінде бес алтын медаль алды

Бұдан басқа, спортшылар жарыстың үш түрінен төрт рет бас жүлде иеленді

 Дастан Жұмабекұлы 22.01.2024 | 09:15
Фото: olympic.kz

Өткен аптада Қазақстан спортшылары Кореяның Канвон провинциясында басталған жасөспірімдер Олимпиадасынан бөлек, 6 халықаралық турнирге қатысып, бәрінде жүлделі орындарды иеленіп қайтты.

Мажарстанның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы мемориал аяқталып, былғары қолғап шеберлері 5 алтын медаль жеңіп алды. Бұл сында Асхат Жүсіпов (48 кг), Асылжан Серікбай (57 кг), Бeйбарыс Жексен (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) мен Ерасыл Жақпеков (80 кг) жеңімпаз атанса, Даниял Сәбит (51 кг), Кенже Мұратұлы (54 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг) пен Темірлан Мұқатаев (86 кг) күміс жүлдеге ие болды.

Кувейтте өткен стенд атудан Азия чемпионатында Қазақстан спортшылары 7 медаль жеңіп алды. Трап бағдарламасының жұптық сынында Әлішер Айсалбаев пен Мария Дмитренко топ жарса, дәл осы бағдарламаның жастар бәсекесінде ел құрамасы үздік шықты. Сонымен қатар скит бағдарламасында Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионы атанды. Ал жекелей сында Илья Пеньков, Мария Дмитриенко, трап және скит бағдарламасының командалық сайысында еліміздің әйелдер құрамасы қола жүлдеге ие болды.

АҚШ-тың Юта штатындағы Солт-Лейк-Сити қаласында өткен конькимен жүгіруден 4 құрлық чемпионатында командалық спринтте еліміздің ерлер құрамасы күміс жүлдегер атанды. Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин, Никита Важенин мен Артур Галиев (резервте) квартеті тек Канада құрамасынан қалып қойды. Үздік үштікті Оңтүстік Корея конькишілері түйіндеді. 

Кирилл Герасименко АҚШ-та үстел теннисінен өткен WTT Feeder Corpus Christi 2024 халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Ұлттық құрама үздігі жарыс барысында төрт бірдей қарсыласынан басым түсті. Атап айтқанда, Кирилл Герасименко америкалық Кай Чжанды 3:1, үндістандық Хармит Десайды 3:1, германиялық Штеффен Менгельді 3:1, португалиялық Жоао Монтейруді 3:2 есебімен ұтып, алтын медаль жеңіп алды.

Тайландта өткен маунтинбайктан халықаралық Thailand Cup турнирінде ел құрамасының өкілі Алина Саркулова үздік нәтиже көрсетіп, жарыс жүлдегерлерінің қатарынан көрінді. Жарыс мәресіне үшінші болып жеткен отандасымыз турнирдің қола жүлдегері атанды.

Францияның Ницца қаласында өткен күрес түрлерінен Henri Deglane (Анри Деглан) гран-при жарысында еркін күрестен еліміздің 3 балуаны жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Әбдіманап Байгенжеев (92 кг) финалда жеңіліп, 2-орынға табан тіресе, Рифат Сайботалов (70 кг) пен Ерхан Бексұлтанов (79 келі) қола жүлде иеленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама