×

Australian Open: Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирін жеңіспен бастады

Енді ол екінші айналымда әлемнің 57-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен кездеседі

 Дастан Жұмабекұлы 16.01.2024 | 17:40
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Теннисші Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатындағы бірінші ойынында жеңіп, екінші айналымына шықты. Ол кезінде әлемдік рейтингте көш бастаған теннисші, 31 жастағы тәжірибелі Каролина Плишковамен ойнап, оны 7:6 (8:6), 6:4 есебімен жеңді.

Чех теннисшісі бірінші партияда брейк жасап, 2:0 есебімен алға шыққанмен, Рыбакина таразы басын теңестіре алды.

Тай-брейкте де чехиялық спортшы 6:3 есебімен алға шығып, төрт бірдей сетболын пайдалана алмады. Рыбакина қатарынан 5 допты тиімді пайдаланып, 7:6 (8:6) есебімен басым түсті.

Екінші сетте есеп 1:1 болған кезде Рыбакина брейкпен алға шықты. Одан кейін Қазақстан теннисшісі еш мүмкіндікті жіберген жоқ. Қорытынды есеп 6:4 болды.

Енді Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 57-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен кездеседі.

Рыбакина алғашқы айналымда-ақ өте мықты қарсыласын жеңді. Бүгінгі жеңіс жанкүйерлерге үлкен сенім сыйлады.

Халықаралық теннис сарапшылары Рыбакинаны биылғы Australian Open жарысының фавориттерінің бірі санайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама