×

Жылу желілерін бақылау әкімдіктен комитетке берілмек

Елімізде арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр

 Дәурен Ерболат 16.01.2024 | 11:11
фото: erg.kz

Жылу желілерін бақылау функциясы әкімдіктен Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне беріледі. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол жылу энергетикасы саласындағы мәселелерді реттеу үшін министрліктің «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заңын әзірлегенін атап өтті.

Заң жобасында Кәсіпкерлік кодекстен электр және жылу энергетикасы саласындағы бақылау жүргізу тәртібін алып тастау арқылы бақылау функцияларын күшейту бойынша нормалар көзделген. Сондай-ақ жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысады, - деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында.

Сонымен қатар елді мекендердің мастер-жоспарларын әзірлеу, энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру, таза технологияны қолдану, жоспарлау тетіктерін жетілдіру есебінен саланы реформалау жоспарланып отыр.

Энергетиканың цифрлық платформасын құру жолымен бүкіл саланы мониторингтеу және бақылау нормалары көзделген. Бұл қажет шараларды әзірлеу үшін шоғырландырылған ақпарат жинауға және саланы талдауға мүмкіндік береді. Жылу энергиясына тарифтерді экономикалық негізделген деңгейге келтіру және халық арасында әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін халықтың осал топтарын тікелей бюджеттік қолдау тетігі қарастырылады, - деді министр.

Сонымен қатар жаңа станциялар салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру үшін стратегиялық инвесторды айқындау тетігі көзделген.

Энергияны көп қажет ететін ірі өнеркәсіптік жобаларды қолдау үшін заң жобасында инвестициялық тарифті қолдану көзделген. Бұл бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясын өнеркәсіптік объектілері қосылған энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері бойынша өткізуге бағытталған. Бірыңғай сатып алушы және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы тетігін одан әрі жетілдіру үшін генерацияны басым іріктеуді қайта қарау бойынша түзетулер көзделген.

Сондай-ақ заң жобасында Жылу энергетикасы саласындағы саясат бойынша құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу көзделеді. Энергетика министрлігіне жылу энергиясын өндіру және тасымалдау саласындағы басшылық функциясы беріледі», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама