×

АҚШ бастаған коалиция Йеменге шабуыл жасады (ВИДЕО)

Сана, Әл-Ходейда, Саада мен Дамар провинциялары соққының астында қалды

 Дастан Жұмабекұлы 12.01.2024 | 11:17
Фото: war.hvylya.net

Бүгін түнде АҚШ пен Ұлыбритания бастаған коалиция Йеменнің бірнеше қаласында орналасқан әскери кәсіпорындары мен лагерьлерін бомбалады.

«Америка дауысы» агенттігінің хабарлауынша, Құрама Штаттар мен Біріккен Корольдіктің бастаған шабуылына, сондай-ақ, Канада, Нидерланды, Аустралия мен Бахрейннің әскери ұшақтары қатысқан. АҚШ президенті Джо Байденнің айтуынша, соққылар Йеменнің солтүстігінде билік ететін «Ансар Алла» қозғалысының (хуситтер) Қызыл теңізде бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан Батыс елдерінің мұнай тиелген кемелеріне шабуылына жауап ретінде жасалған.

Қолда бар мәліметке қарағанда, Йемендегі хуситтер билігін Иран астыртын қолдап келеді. Сол себепті АҚШ бұған дейін хуситтердің Батыс кемелеріне шабуылын тоқтату үшін Ислам Республикасымен жасырын келіссөз жүргізген көрінеді. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Хуситтер кемелерге шабуылды одан әрі жалғастырып, Қызыл теңізді өз бақылауына алғысы келген. Сонымен бірге хуситтер Израильдің Газа секторына қарсы соғысын айыптап, Палестинаға көмектесуге талпынған. Атап айтқанда, хуситтер ХАМАС-қа қолдау көрсету үшін аймақтағы теңіз жолдарына шабуыл жасаған. Сондай-ақ олар Израильмен байланысы бар немесе Израиль порттарына бет алған кемелерге шабуыл жасауға ант берген.

Бүгін менің тапсырмам бойынша АҚШ әскери күштері Ұлыбританиямен, Аустралия, Канада, Нидерланды және Бахрейнмен бірге Йемендегі бірқатар әскери нысандарға сәтті соққы берді. Өйткені мен бұған дейін бірнеше рет айтқанымдай,  хуситтердің қозғалысы әлемдегі ең маңызды су жолдарының біріне ашықтан ашық қауіп төндіріп отыр. Олар АҚШ пен басқа да елдердің кемелеріне шабуылдауын тоқтатар емес. Сол себепті біз бірнеше ел болып ақылдаса келе, хуситтердің дрондар мен баллистикалық зымырандар шығаратын кәсіпорындарының көзін жоюға келістік.  Қазір соққылар жасалып болды. Бірақ қажет болған жағдайда біз хуситтерге тағы соққы береміз, – деді АҚШ президенті Джо Байден.

Оның айтуынша, хуситтердің 27 шабуылынан 50-ден аса елдің коммерциялық кемелері зардап шеккен. Ал 9 қаңтарда қозғалыс америкалық әскери кемелерге қарсы ең үлкен шабуыл жасаған.

АҚШ басшысының шұғыл үндеуіне хуситтер де көп ұзатпай мәлімдеме жасады. Олар Йеменге шабуыл жасаған елдерді айыптап, енді тағы да соққылар қайталанатын болса, хуситтердің жауабы да көп күттірмейтінін айтты.

Егер тағы шабуыл болса, біз де аянып қалмаймыз. Әсіресе, көрші елдерге АҚШ пен Ұлыбританияға көмек бермеуді ескертеміз. Сауд Арабиясы, Катар мен Біріккен Араб Әмірліктері Батыс коалициясына біздің елге соққы жасау үшін әуе кеңістігін пайданалануға берсе, онда жақсылық күтпеңіздер! – делінген мәлімдемеде.

Қазір Араб түбегіндегі жағдай ушығып барады. Иран мен Сирия елі де АҚШ пен Ұлыбритания бастаған коалицияның шабуылын айыптап, хуситтерге қолда бар көмектің бәрін беретінін мәлімдеді. Ал Ирактағы АҚШ-тың саясатына қарсы ұйымдар Йеменге шабуыл қайталанса, Құрама Штаттардың Азияның түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап жатқан әскери базаларын тас-талқан ететінін ашып айтты.

Соңғы мәліметке қарасақ, бүгін түнде Йеменнің астанасы – Сана қаласындағы халықаралық әуежайы жаппай бомбалауға ұшыраған. Сана, Әл-Ходейда, Саада мен Дамар провинцияларына да шабуыл жасалған. Соққылардың бірі Ходейда портының маңында болған.

Хуситтер – Иран қолдап отырған Таяу Шығыстағы «қарсылық шегі» деп аталатын үш альянстың бірі. Олардың қатарына Палестинадағы ХАМАС, Ливандағы «Хезболла» және Йемендегі ««Ансар Алла» қозғалысы (хуситтер) кіреді. Бұл ұйымдар Израиль мен Батысқа қарсы құрылған.

Хуситтердің ұраны – «Америкаға өлім, Израильге өлім, еврейлерге қарғыс және исламға жеңіс».

1990 жылдардың соңында Йеменнің солтүстігіндегі Хуситтер әулеті исламның шиит бағытындағы заидиттер тармағын қайта жаңғыртып билікке оралу үшін осы топты құрған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама