×

Стенд атудан Азия чемпионатына қатысатын құрама анықталды

Қазақстанның намысын жарыста 18 мерген қорғайды

 Дастан Жұмабекұлы 10.01.2024 | 13:30
Фото: Тұрар Қазанғапов

12-22 қаңтар аралығында стенд атудан Азия чемпионаты болады. Онда Париж Олимпиадасына берілетін 8 жолдама үлестіріледі. Чемпионат лицензиялық жарыс болған соң, оған көп мемлекет қатысуға ниет білдіріп отыр.

Туризм және спорт министрілгінің мәліметіне қарағанда, биылғы додаға 40 елден 500-ге жуық спортшы қатысады. Ал Қазақстанның намысын жарыста 18 мерген қорғайды.Олардың арасында жазғы Азия ойындары, Әлем кубогында үздік нәтиже жүрген Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина, Эдуард Ещенко, Мария Дмитренко, Айжан Досмағанбетова, Анастасия Прилепина мен басқа да спортшылар бар.

Осылардың ішінде Әсем Орынбайдың бір өзін айтсақ, ол былтыр Катардың астанасы – Доха қаласында нысана көздеуден өткен Әлем кубогының финалында алтын медаль жеңіп алды. Былтырғы маусымда Әсем Орынбай бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол 2023 жылы мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем кубогында жекелей сында топ жарып, ізін ала әріптесі Эдуард Ещенкомен бірге күміс жүлдегер атанды. Одан кейін жазда Лонатодағы (Италия) Әлем кубогында аралас жұптар арасында (Эдуард Ещенкомен) үшінші орын алды. Оның алдында Қытайдың Ханчжоу қаласында жалауы көтерілген ХІХ жазғы Азия ойындарында Эдуард Ещенко екеуі стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында чемпион атанды.

Командадағы жасы үлкен спортшымыз Ольга Панарина да Азиаданың чемпионы болды. Осы және жоғарыда аты аталған басқа да спортшыларға Азия чемпионатында үлкен үміт артылып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама