×

Майқайыңнан Павлодарға бара жатқан облыс әкімінің орынбасары көлік апатына түсті

Оған медициналық көмек керек болған

 Дәурен Ерболат 10.01.2024 | 11:18
Фото: autoassa.ru, Павлодар өңірлік коммуникациялар қызметі

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов көлік апатына ұшырады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Telegram-дағы kerekpv арнасының мәліметінше, Серік Батырғұжинов Майқайыңнан Павлодарға бара жатқан. Ол «Майқайың-алтын» АҚ кенішінде болған қайғылы жағдайдың себебін тергеу жөніндегі комиссия құрамында болған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары отырған көлік тайғанап, жолдың шетіне шығып кеткен. Соның салдарынан аударылып қалған.

Жүргізуші зардап шекпеген, алайда Серік Батырғұжинов жарақат алған. Шенеунікке медициналық көмек керек болған.

Бұл ақпаратты Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі растады.

Басқа автокөліктер көлік апатына түспеді. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Әкімнің бірінші орынбасары қызметтік көлікте жүргізушісімен келе жатқанда автомобиль жолдың шетіне ұшып кетті. Серік Батырғожинов аздап жарақат алған, жағдайы тұрақты, – деп жазылған хабарламада.

Айтак кетейік, Серік Батырғұжинов бұл қызметке 2023 жылғы қаңтарда тағайындалған.

Бұған дейін Павлодар облысында құтқарушылар отырған автобустың кенішке құлап кеткені хабарланған еді. Содан кейін 2 құтқарушының денесі табылды. Қалған 2 адам әлі іздестіріліп жатыр.

Сондай-ақ Майқайың шахтасында апатқа ұшырағандардың отбасыларына 4,5 млн теңгеден төленетіні белгілі болды. Полиция қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама