×

Майқайың шахтасында апатқа ұшырағандардың отбасыларына 4,5 млн теңгеден төленеді

Оқыс оқиғадан 2 құтқарушы қаза тауып, 2 адам іздестіріліп жатыр

 Дәурен Ерболат 05.01.2024 | 13:46
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Баянауыл ауданының «Майқайың-алтын» АҚ шахтасында апатқа ұшырағандардың отбасыларына 4,5 млн теңгеден төленеді. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айутынша, бүгінде «Майқайың-алтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оқиға орнында менімен бірге Төтенше жағдайлар вице-министрі және басқа да қызметкерлер бар. Құтқарушылар өте қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Өйткені шұңқырдағы топырақ пен тастар әлі сырғып жатыр. Барлығы 116 адам, 23 техника жұмылдырылды. Бүгін таңғы сағат 06:00-де Астана қаласы ТЖД кинологтар бригадасы келіп, бірден іздестіру жұмысына кірісті. Біз іздеу-құтқаруды жалғастырамыз, - деді Асайын Байханов.

Сондай-ақ облыс әкімі қаза тапқандар мен жоғалып кеткен мамандардың отбасыларына көмек берілетінін мәлімдеді.

Қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына «Майқайың-алтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ-тан 4,5 млн теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады. Қаза тапқан 2 құтқарушының отбасына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат болсын, - деді өңір басшысы.

Еске сала кетсек, кеше Павлодар облысында кенішке құтқарушылар отырған автобус құлап кеткен еді. Содан кейін 2 құтқарушының денесі табылды. Қалған 2 адам іздестіріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама