×

Қарағандылық жас ғалымдар бас-ми ауруына қарсы жаңа дәрі ойлап тапты

Оған қажетті биологиялық шикізат негізінен өсімдіктерден алынады

 Еркеғали Болатұлы 08.01.2024 | 14:57
фото: tengemonitor.kazgazeta.kz

Қарағандылық жас ғалымдар паркинсон бас-ми ауруына қарсы препарат жасап шығарды. Белгілі боксшы Мұхаммед Әли ауырған бұл дертке әлем елдері шипа іздеп жатқан болатын. Бұл туралы qazaqstan.tv хабарлады.

Қазір ғылыми қызметкерлер өздері ойлап тапқан дәрілік заттарды зерттеу, жетілдірумен айналысып жатыр. Жаңа ғылыми жетістіктерге қол жеткізу үшін жас ғалымдар шетелде білімдерін шыңдап келген.

Жанат Көшенов бастаған бір топ жас ғалым соңғы уақытта паркинсон бас-ми ауруына қарсы препаратты жетілдіруде. Ол үшін шетелдік ғылыми және өндірістік орталықтарда зерттеу-өңдеу жұмыстарын меңгерген.

Жаңадан бұл жақта табылған өсімдік препараттарын қазір ми ауруларына, паркинсон, альцгеймер ауруларына қарсы тексеріп жатырмыз. Табиғи таза дәрілер өндіреміз. Жалпы шетелде алған білімімді пайдаланып, отандық фармацевтиканы дамытуға үлес қоссам деймін, - деді халықаралық ғылыми-өндірістік кешеннің ғылыми қызметкері Жанат Көшенов.

Жаңа препараттарға қажетті биологиялық шикізат негізінен өсімдіктерден алынады. Әсел Аманжан ғылыми орталықта 8 жылдан бері жұмыс істейді. PhD-докторанты – елімізде өсетін өсімдіктер арасынан табиғи шикізат көздерін зерттеп, биологиялық белсенді қосылыстарды бөліп алуда үлкен жетістіктерге қол жеткізген білікті маман. Ол дәрі өндіруге қажетті субстанциялардың жаңа түрлерін сынақтан өткізу үшін шетелдің ғылыми-зерттеу институттарымен үнемі байланыста.

2023 жылы Мәскеу қаласында Сидженов атындағы медицина университетінің институт формациясында профессор Краснюктің қол астында табиғи қосылыстардан суда ерігіштік комплекстер алынды. Оларда бізде субстанция ретінде қолданылады. 2024 жылы қаңтар айында Новосибирск институтына іссапар болады, - дейді халықаралық ғылыми-өндірістік кешеннің зертхана меңгерушісі Әсел Аманжан.

Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін ғылым өндірістің жаңа технологияларына бағытталуға тиіс. Мұны жас ғалымдар жақсы түсінеді. Бүгінде мемлекет басшысының тікелей бастамасымен ғылыми ізденістерге қолдау зор дейді олар. Сол себепті соңғы кездері орталықта жұмыс істейтін 100-ге тарта жас маман ғылымды өндіріске енгізіп, кәдеге жарату бағытында тынбай ізденіп, үлкен нәтижелер көрсетіп жүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама